дүйсенбі, 5 қазан, 2026 10:26

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстандық оқушылар жасаған жер серігі SpaceX зымыранымен ғарышқа ұшты

Қазақстандық оқушылар жасаған жер серігі SpaceX зымыранымен ғарышқа ұшты
Фото: НЗМ
Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған NIS PocketQube жер серігі ғарышқа ұшты. Ол 1 қазанда SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен орбитаға шығарылған. Зымыран АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг ғарыш базасынан ұшырылған.

Жер серігін жасауға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 17 оқушысы қатысқан. Жоба бірнеше жылға созылғандықтан, оны бастағандардың бірқатары қазір мектепті бітіріп кеткен. Соған қарамастан, олардың бастаған жұмысы жалғасып, ақырында ғарышқа ұшатын нақты аппаратқа айналған.

NIS PocketQube көлемі 5×5×5 сантиметр, салмағы 250 грамм ғана болатын шағын жер серігі. Ол күн панельдері арқылы қуат алады және орбитадан мәлімет жіберуге қауқарлы. Жоба 2019 жылы басталып, бір жылдан кейін мектепте осы бағыттағы арнайы ғарыш зертханасы ашылған екен.

"Оқушылар спутниктің 3D моделін жасап, ішіндегі құрылғылардың орналасуын есептеді. Электронды платаларды құрастырып, микроконтроллерлерді бағдарламалауға және деректерді өңдеу алгоритмдерін әзірлеуге қатысты. Команда алғашқы сызбалардан бастап, ғарышқа жіберілетін дайын үлгіге дейінгі кезеңдерден өтті. 2022 жылы аппарат Ұлттық ғарыш орталығында арнайы сынақтан өткізілді. Енді оқушылар орбитадан келетін телеметриялық мәліметтерді қабылдап, оларды зерттеу жұмыстарына пайдаланады. Кейін бұл деректерді Қазақстандағы басқа мектеп оқушыларына да қолжетімді ету жоспарланып отыр", – деп хабарлады мектеп өкілдері.

Спутникті ұшыруға дайындауға қазақстандық және шетелдік мамандар да атсалысқан. Қазақстанның Грекиядағы елшілігінің қолдауымен аппарат соңғы тексеруден өткізіліп, арнайы ұшыру контейнеріне орнатылған. Жобаға "Қазақстан Ғарыш Сапары" мен "Ғалам" компанияларының мамандары да көмектескен.

Енді кезде жер серігінің орбитадағы жұмысы бақыланады. Одан алынған мәліметтер физика, астрономия, бағдарламалау және инженерия бағытындағы оқушылар жобаларына пайдаланылмақ. Ақпаратты қабылдайтын жерүсті кешені іске қосылған соң, спутник деректері басқа мектептерге де қолжетімді болады деп отыр мектеп өкілдері. 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар