жұма, 21 тамыз, 2026 17:35

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Шах-Мұрат Ордабаев: Көрермен дубляжды емес, фильмді көруі керек

Шах-Мұрат Ордабаев: Көрермен дубляжды емес, фильмді көруі керек
Фото: aikyn.kz
Marvel бұрын бекітілген дауыстарды сақтауды талап етеді.

Өрмекші адам – әлем көрерменіне бұрыннан жақсы таныс кейіпкер. Талай буынның сүйікті қаһарманына айналған Питер Паркердің оқиғасы әр кезеңде жаңаша өріліп, үлкен экранға қайта-қайта оралып келеді. Енді әйгілі суперқаһарман тағы да қазақша сөйледі. Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев болды. Ол фильмдегі Халк кейіпкерін де дыбыстады. Біз дубляж режиссерімен әлемдік туындыны қазақша сөйлетудегі ерекшелік, актерлерді таңдау, түпнұсқадағы сөз ойынын қазақ тіліне бейімдеу және көрермен аңғара бермейтін дубляждың қыр-сыры туралы әңгімелестік.

– Әлемдік деңгейдегі фильмді қазақша сөйлеткенде дубляж режиссерінің алдында қандай басты міндет тұрады? Дубляж актерлерінің құрамын қалай таңдағанда қандай талапқа мән бердіңіздер?

Әлемдік деңгейдегі фильмді қазақша сөйлеткенде дубляж режиссерінің басты міндеті көрерменге бұл фильм бастапқыдан-ақ қазақ тілінде түсірілгендей әсер беру деп ойлаймын. Мұнда тек мәтінді аудару жеткіліксіз. Кейіпкердің мінезін, эмоциясын, сөйлеу мәнерін, жалпы фильмнің атмосферасын сақтау маңызды. Актерлерді таңдағанда дауыстың түпнұсқаға ұқсастығына ғана емес, актердің кейіпкерді қаншалықты сезіне алатынына, эмоциялық диапазонына, экрандағы образбен үйлесуіне мән береміз. Оның үстіне Marvel компаниясының бұрын бекітілген актерлерді сақтау туралы талабы бар. Мысалы, Том Холландты дыбыстаған Заңғар Әбенов бұл рөлге алғаш рет 2017 жылы бекітілген. Содан бері Marvel фильмдерінде Том Холландтың кейіпкерін дыбыстап келеді.

– Түпнұсқадағы әзіл, эмоция, сөз ойыны мен кейіпкерлердің мінезі қазақ тілінде табиғи жеткізуде қандай да бір өзгеріске ұшырай ма?

Әрине, кейбір дүниелер өзгереді. Өйткені ағылшын тіліндегі әзілді немесе сөз ойынын сөзбе-сөз аударсаң, қазақша мүлде жұмыс істемеуі мүмкін. Біз үшін ең маңыздысы сөздің өзін емес, оның әсерін жеткізу. Түпнұсқада көрермен күлсе, қазақ көрермені де сол жерде күлуі керек. Кейіпкердің эмоциясы да дәл солай сезілуі керек. Сол үшін кейде сөйлемнің құрылымын, әзілді, сөз қолданысын қазақ тіліне бейімдейміз. Бірақ кейіпкердің мінезі мен автордың айтқысы келген ойы өзгермеуі керек.

– Сіз бұл жолы режиссерлікпен қатар Халкты да дыбыстадыңыз. Халктың дауысына өзіңізді не себеп таңдадыңыз?

Негізі Халктың дауысына бұл жолы өзімді таңдап отырған жоқпын. Мен бұл кейіпкерді бұған дейін де дыбыстағанмын. Халкты 2012 жылғы «Кек алушылар» фильмінде, кейін «Кек алушылар: Шексіздік соғысы» және «Кек алушылар: Финал» фильмдерінде дыбыстадым. Marvel бұрын бекітілген дауыстарды сақтауды талап етеді. Сондықтан бұл жерде режиссер ретінде өзімді рөлге таңдау емес, бұрыннан Халкқа бекітілген актер ретінде сол рөлді жалғастыру болды.

– Дубляжда көрермен байқамайтын, бірақ режиссер үшін аса маңызды қандай ұсақ детальдар бар?

Ондай ұсақ деталь өте көп. Актердің қай жерде дем алғаны, бір сөзге қандай екпін қойғаны, репликаның ұзақтығы, кейіпкердің аузымен синхрон, кадрдағы қимылға реакциясы, тіпті сөйлемнің соңындағы интонациясына дейін маңызды. Кейде бір ғана сөзді бірнеше рет қайта жазамыз. Сырттай қарағанда бәрі дұрыс сияқты, бірақ экрандағы эмоциямен үйлеспей тұруы мүмкін. Жалпы жақсы дубляждың ерекшелігі де сол деп ойлаймын. Көрермен біздің осы жұмысымызды байқамауы керек. Ол дубляжды емес, фильмді көруі керек.

  • Әңгімеңізге рақмет!

 

Сымбат Бауыржанқызы

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар