сейсенбі, 18 тамыз, 2026 15:32

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қарағандыда мас күйінде көлік тізгіндеген екі жүргізуші ұсталды

Қарағандыда мас күйінде көлік тізгіндеген екі жүргізуші ұсталды
istockphoto.com
Нұра аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері осындай екі құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Қарағанды облысының Нұра ауданында көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйінде қайтадан көлік тізгіндеген екі жүргізуші анықталды. Екеуі де бұған дейін мас күйінде көлік басқарғаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Тамыз айының басынан бері Нұра аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері осындай екі құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Бірінші дерек 5 тамызда анықталды. Полицияның жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі арқылы алдыңғы мемлекеттік нөмірі жоқ ВАЗ-2110 автокөлігі байқалған. Полицейлер көліктің орналасқан жерін жедел анықтап, оны тоқтатты. Рөлде Нұра ауданының Шахтер ауылында тұратын 32 жастағы ер адам болған. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде, орташа дәрежедегі масаңдық жағдайында болғанын көрсетті.

Тексеру барысында жүргізушінің бұған дейін де мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылғаны анықталды. 2022 жылы сот шешімімен ол жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған.

Арада бірнеше күн өткен соң полиция тағы бір осындай деректің жолын кесті. 14 тамызда мал ұрлығының алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шара барысында Нұра ауданының Егінді ауылы маңында мемлекеттік нөмірі жоқ мотоцикл тоқтатылды. Мотоцикл тізгінінде Ақмола облысы Целиноград ауданының Жалғызқұдық ауылында тұратын 45 жастағы ер адам болған.

Медициналық куәландыру оның да алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Тексеру нәтижесінде бұл азаматтың 2024 жылы мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Бұған дейінгі жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, екі жүргізуші де қайтадан мас күйінде рөлге отырып, өз өміріне ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де нақты қауіп төндірген.

Екі дерек бойынша да жүргізушілердің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша сараланды. Аталған бап көлік басқару құқығынан айырылған адамның алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Бап санкциясына сәйкес, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазіргі уақытта екі күдікті де сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде үйқамақта. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды.

Жыл басынан бері Қарағанды облысында бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың мас күйінде қайтадан рөлге отырған 33 дерегі анықталды.

Полиция мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтуде. Бұл ретте бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктері белсенді қолданылып, рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жүргізушілерге қатысты заңда көзделген барлық шаралар қабылданады.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар