Шынар Ақпарова "Білім туралы" заңға сәйкес, баланы оқу процесінен алшақтатуға болмайтынын еске салды.
"Бала сапалы білім алуға құқылы. Сондықтан оқушы мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін киіммен келсе де, оны мектепке кіргізбеуге болмайды", – деді спикер.
Сонымен қатар оның айтуынша, мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
"Білім туралы" заңда оқушыларға қатысты 47-бап және ата-аналарға қатысты 49-бап бар. Ата-аналар білім беру ұйымы ата-аналармен және қамқоршылық кеңеспен бірлесіп белгілеген мектеп формасын кию талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған”, – дейді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, айыппұл мөлшері – 5 АЕК, яғни 21 625 теңге.
Бұған дейін еркін форманы жақтаушылар бір жыл бұрын жарияланған петицияны қайта бастаған еді. 146 000 адам бұл бастаманы қолдап дауыс берді. Айтуларынша, мектеп киімі қымбат, әрқашан сапалы бола бермейді және өзін-өзі көрсету мүмкіндіктерін шектейді.
Петиция авторлары киім бағасы 100 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін және жеткізушілерді таңдау көбіне шектеулі деп тұжырымдайды. Стандартты киім орнына авторлар стандартты іскерлік киім кодексін енгізуді ұсынады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





