сейсенбі, 11 тамыз, 2026 21:55

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Нұрай Серікбай ісі: прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады

Нұрай Серікбай ісі: прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады
әлеуметтік желіден
Бұл туралы сот залынан мемлекеттік прокурор Мадияр Әбілқасымов мәлімдеді.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот пікірталасы басталды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы сот залынан мемлекеттік прокурор Мадияр Әбілқасымов мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Айыптау тарапы жәбірленуші тараптың барлық көрсетпелері толығымен дәлелденгенін атап өтті.

«Жәбірленуші тараптың барлық көрсетпелері толығымен өз дәлелін тапты деп есептеймін. Серікбайдың Аймаханға ешқандай талабы жоқ екені айтылған видеожазбаны ескермеуді сұраймын. Сараптама бойжеткеннің онда жаттанды сөздерді айтқанын көрсетті. Видеода оның өз сөзін қалай ұмытып қалғанын бәріміз көре алдық. Құрметті сот, жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.

Бұған дейін марқұм Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушы Шерхан Аймаханнан 10 миллиард теңге моральдық өтемақы және 14,7 миллион теңге көлемінде материалдық шығын өндіруді талап еткен болатын. Жәбірленуші тарап аталған сома арқылы айыпталушының өмір бойы қаржылық жауапкершілік арқалауын қалайтындарын білдірді.

Еске салсақ, 21 жастағы студент Нұрай Серікбай осы жылдың басында Шымкентте қаза тапқан еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, айыпталушы бойжеткенді дүкен жанында аңдып тұрып, оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қазіргі уақытта 28 жастағы Шерхан Аймаханға аса қатігездікпен адам өлтiру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып жатыр.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар