Ресми дерекке назар салсақ, Қытай халқы төрт жыл қатарынан азайып, балалы болғандар саны 1949 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскен. Ал қарттардың үлесі күн сайын өсіп келеді. Бір кезде «халық көп болса – экономикаға салмақ» деген түсінік үстем болса, бүгін Қытай «халық азайса – ел қартайып, экономика тұралайды» деген ащы шындықпен бетпе-бет келіп отыр. Осылайша іштегі балаға дейін мәжбүрлеп түсік жасатып, жоспардан артық бала тапқандарды еселеп айыппұлмен тұншықтырған Қытай билігі бүгін халыққа «бала туыңдар» деп жалынып отыр. Тарихтың ащы сабағы деген осы.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға жыл сайын 3600 юань мөлшерінде (270 мың теңге мөлшерінде) бала күтіміне арналған субсидия беріле бастады. Өткен күзде үкімет мемлекеттік балабақшалардағы төлемдерді алып тастады. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап Қытайда жүктіліктен сақтану өнімдерін сатып алғанда 13 пайыз қосылған құн салығын төлеуге міндеттелді. Бұған дейін бұл өнімдер тегін беріліп келген еді. Ең сорақысы, Қытай бұл жағдайды енді ғана түзеткісі келіп, кеш қимылдап жатыр. «Балалы болыңдар» деп жәрдемақы ұсынып, балабақшаны тегін етіп, түрлі әдіспен ынталандырып жатыр. Бірақ демография кран секілді бұрай салатын дүние емес. Бүгін туған бала – ертеңгі еңбек күші, ал ол үшін кемінде 20 жыл керек. Уақытты кейін қайтару мүмкін емес.
Бұл жағдай Қазақстанға да ой салуы тиіс. Бүгін бізде демографиялық өсім бар деп арқаны кеңге салуға болмайды. Демография – бүгін емес, ертең сыр беретін сала. Егер бүгін жастарға жағдай жасалмаса, ертең бала да азаяды, халық та қартаяды. Бұған қоса, бір шындықты ашық айту керек: бос жатқан жер жау шақырады. Бұл – жай мақал емес, тарих дәлелдеген ақиқат. Ұлан-ғайыр жері бар Қазақстан үшін демография – тек әлеуметтік мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Халқы сирек, ауылдары қаңырап бос қалған аймақ ерте ме, кеш пе сыртқы ықпалға осал болады. «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз дәл осы жерде еске түседі. Сан тек сан емес, ол – күш, ол – тірек, ол – мемлекеттің қорғаны.
Қысқасы, Қытайдың бүгінгі демографиялық дағдарысы болашақтан келген хат секілді. Ол хатта бір ғана ескерту бар: халық санына, анаға, балаға немқұрайды қараған ел түбі қиындыққа тіреледі. Қазақстан сол хатты оқып тұрып, көрмегендей өте шықса, ертең кеш болуы әбден мүмкін.
Қазақстан халқының саны 1992 жылмен салыстырғанда 23%-ға көбейіп, 20,5 миллион адамға жуықтады. Дегенмен соңғы 5 жылда туу көрсеткішінің тұрақты төмендеуі байқалып отыр. Мәселен, 2021 жылы елде шамамен 447 мың нәресте дүниеге келсе, 2022 жылы – 404 мың, 2023 жылы – 388 мың, 2024 жылы шамамен 366 мың нәресте тіркелген. Ал 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда 249,3 мың бала дүниеге келген.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің болжамында Қазақстандағы жастар саны 2035 жылға дейін өсім көрсете беретіні айтылған. Бірақ отбасындағы бала саны азая түспек. Елде балалы болу мен отбасын құруға асықпау белең алған. Әсіресе 20-24 жас арасында ата-ана болатын жастар саны азая түскен. 2020 жылы осы жастағы мың адамға 170 нәрестеден келсе, 2024 жылы 134-ке дейін төмендеген.
Айта кетейік, 2025 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды екенін баса айтқан еді.
«Түйені жел ұшырса, ешкіні аспаннан көресің» дегендей, демография мәселесі бүгінде алып мемлекет – халқы 1 миллиард 400 миллионнан асатын, жыл сайын кемі 6-7 миллион сәби дүниеге келетін Қытайдың өзін алаңдатып отыр. Осындай әлеуеті бар ел демографиялық дабыл қағып жатқанда, жан саны енді ғана 20 миллионнан асқан Қазақстанға бұл мәселеге әсте салғырт қарауға болмайды. Өйткені демография салыстырмалы ұғымды көтермейді. Миллиард халқы бар ел үшін бір пайыз статистика болуы мүмкін, ал 20 миллиондық мемлекет үшін бір пайыз – тағдыр. Бір пайыз – бүтін бір өңірдің қаңырауы, бір ұрпақтың жоғалуы. Демек, демография – есеп емес, тағдыр. Оны қағазбен емес, нақты іспен қорғау керек.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





