17 жыл бойы аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленіп келген Құндыздың қол-аяғы байлаулы күйде түсірілген фотосы әлеуметтік желіде таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Кадрлар көпшіліктің ашу-ызасын оятып, оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеру қажеттігін алға шығарды.
Аталған жайтқа байланысты журналист Саламат Рахымет Құндыз бен оның әпкесі Назгүлдің заңды қамқоршысы Зүлфия Төленовамен байланысқа шыққан. Қамқоршы әлеуметтік желіде тараған суретке өзінің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Зүлфия Төленованың айтуынша, даулы фотосуретті ол да алғаш рет интернеттен көріп, қатты таңғалған.
«Бұл кадрды кім, қашан және қандай жағдайда түсіргенін білмеймін. Егер бұл менің әрекетім болса, мұндай қадамға ешқашан бармас едім. Құндыз кейде әпкесі Назгүлге қол көтеруі мүмкін, мүмкін сондай сәттердің бірінде байланған шығар. Мен бұл жағдайды бүгін ғана естіп отырмын. Көбіне балалардың құжаттарын рәсімдеу үшін ғана сыртқа шығамын. Бұған дейін де талай баланы асырап өсірдім, өзіме қастандық жасайтын адам емеспін», – деді ол.
Бірақ әлеуметтік желі қолданушылары қамқоршының бұл уәжіне күмәнмен қарап, пікірлерін ашық білдіруде. Көпшілік оқиғаға қатысты түрлі көзқарас айтып, тиісті мемлекеттік органдардың араласуын талап етуде.
Желіде жарияланған пікірлердің бірінде:
«Ауру адамды күту оңай емес, ол кейде айқайлап, қолына түскен затпен ұрып жіберуі мүмкін, мұндайға үлкен шыдам мен мықты денсаулық қажет» делінсе, енді бір қолданушылар:
«Қарауға шамасы жетпесе, неге қамқорлыққа алады?», «Мұндай жағдай үшін жауапқа тарту керек», «Есі кем адамды байлауды қайдан білді?» деген сарындағы ойларын жазған.
Сондай-ақ Құндыздың психикалық және физикалық жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін деген алаңдаушылық білдіргендер де аз емес.
Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары бұл іске бейжай қарамауға шақырып, Құндыз бен Назгүлдің қауіпсіздігі мен болашағына қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді талап етуде.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





