жұма, 23 қазан, 2026 11:41

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

16 адам қаза тауып, 300-ге жуық үй қирады: Тибетте алапат жер сілкінісі болды

16 адам қаза тауып, 300-ге жуық үй қирады: Тибетте алапат жер сілкінісі болды
Фото: evo-news
Қытайдың Тибет аймағында магнитудасы 7-ге жеткен жер сілкінісі болып, кемінде 16 адам қаза тапты. Тағы 32 адам жарақат алған. Табиғи апат салдарынан жүздеген үй қирап, өңірде электр жарығы өшкен.

“Синьхуа” агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Нагчу округінің Бачен уезінде тіркелген. Бұл аумақ Тибеттің әкімшілік орталығы Лхаса қаласынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 400 шақырым жерде орналасқан.

Жер сілкінісінен кейін жергілікті билік төтенше жағдай режимін жариялап, зардап шеккен аумаққа құтқару топтарын жіберді.

Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, апат салдарынан 339 тұрғын үй қираған. Өңірдің басым бөлігінде электр қуаты үзілген.

Сонымен қатар тау жыныстарының құлауы салдарынан бірқатар жол жабылып, құтқарушылардың зардап шеккен елді мекендерге жетуі қиындаған. Жер асты дүмпулері Тибеттегі Чамдо және Ньингчи қалаларында да сезілген.

Еске салайық, бұған дейін екі айға жетер-жетпес уақыт бұрын Тибет пен Непалда мұздықтың опырылуынан кейін ірі су тасқыны мен көшкіндер болғаны туралы жазған едік. Сол кезде кемінде 1400 адам қаза тауып, жүздеген адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында қалған.

Непалдағы тасқын қалай болды?

Апат биыл 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстігінде болған. Қатты су ағыны арнасынан асып, бірнеше елдімекенді басып қалды.

Тасқын аймақтың инфрақұрылымына да орасан зиян келтірді. Тұрғын үйлер қирап, жолдар мен энергетикалық нысандар бүлінген.

БАҚ мәліметінше, апатқа жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Жерасты дүмпулерінен кейін көшкін жүріп, Бхоте-Коси өзенінің арнасы бөгелген. Соның салдарынан жиналған су төмен қарай лап қойып, елді мекендерді басқан болуы мүмкін.

Қазір апат аймағында құтқарушылар, әскерилер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар су тасқыны мен көшкіннен зардап шеккен аумақтарды тексеріп, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуді жалғастырады.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар