жексенбі, 20 қыркүйек, 2026 12:13

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқырған: Astana Clinic директоры бес жылға бас бостандығынан айырылды

Медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқырған: Astana Clinic директоры бес жылға бас бостандығынан айырылды
ашық дереккөз
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Астанада 53 жастағы Astana Clinic директоры Борис Чен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, Чен іс жүзінде «Astana Clinic» және «Клиника Панацея» ЖШС-леріне басшылық жасаған. Сотта қылмыстық схема 2023 жылғы сәуірден 2024 жылғы желтоқсанға дейін жұмыс істегені анықталды.

Медициналық пойыз шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін іске қосылған. Көрсетілген қызметтер туралы мәліметтер MedElement ақпараттық жүйесіне енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдарға ақы төленген.

Алайда клиника қызметкерлері басшылықтың нұсқауымен іс жүзінде медициналық көмек алмаған адамдар туралы мәліметтерді жүйеге енгізіп отырған. Әр операторға күніне 90-нан 150-ге дейін пациент туралы ақпарат енгізу жоспары қойылған.

Сотта куәлік берген қызметкерлердің бірі күн сайын MedElement жүйесіне 100-150 адамның мәліметін енгізгенін айтқан. Пациенттердің тізімі WhatsApp чаттары арқылы жіберілген.

Тексеру барысында бұдан да күмәнді деректер анықталған. Мәселен, мемлекеттік аудиторлардың қорытындысына сәйкес, медициналық қызметтер көрсетілді деген жалған мәліметтер енгізілген. Тіпті әйелдерге арналған кейбір медициналық қызметтер ер адамдарға көрсетілді деп рәсімделген.

Борис Чен сотта кінәсін толық мойындады. Ол клиникаларды іс жүзінде өзі басқарғанын, қызметкерлерге тапсырма беріп, медициналық пойыз жобасы бойынша қаржылық жоспарлар қойғанын растады.

Сотқа дейін Чен келтірілген залалдың 545 млн теңгесін өтеген. Сонымен қатар ол ӘМСҚ-нің азаматтық талабын мойындаған.

Сот оның кінәсін мойындауын, өкінуін, кәмелетке толмаған баласының барын және келтірілген залалдың бір бөлігін өтегенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Дегенмен сот жазаны бас бостандығынан айыру түрінде тағайындады.

Сот үкімімен Чен бес жылға орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге жіберілді.

Испаниядағы үй мен Lexus тәркіленді

Сотта күдіктінің мүлкіне қатысты да мәселе қаралды.

Ченнің Испанияның Валенсия қаласындағы құны 500 мың еуро болатын үйі мен Lexus LX570 көлігі болған.

Сот көліктің шамамен 34 млн теңге тұратынын және оның несиесі Astana Clinic қаражаты есебінен өтелгенін анықтады. Осыған байланысты Lexus қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік деп танылып, тәркіленді.

Валенсиядағы үй Ченнің жұбайының атына рәсімделген. Алайда сот оның қылмыстық әрекет жасалған кезеңде заңсыз алынған қаражат есебінен сатып алынған деген қорытындыға келді. Осы екі мүлік те мемлекет пайдасына тәркіленді.

Ал Астанадағы пәтер тәркіленген жоқ. Сот оның 2023 жылғы 7 ақпанда, яғни қылмыстық кезең басталғанға дейін сатып алынғанын анықтады.

ӘМСҚ-нің азаматтық талап-арызы толық қанағаттандырылды. Ченнен тағы 137,9 млн теңге материалдық залалды өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Бұған қоса мемлекеттік баж бен іс жүргізу шығындары да өтелуі тиіс.

Бұл іс бойынша схема туралы бұған дейін де хабарланған. 2026 жылғы қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігі екі жеке клиниканың медициналық қызмет көрсетуге жалпы сомасы шамамен 2,4 млрд теңгені құрайтын келісімшарттар алғанын мәлімдеген. Сол кезде күн сайын 90-150 жалған пациент туралы мәлімет енгізілгені айтылған.

АФМ дерегінше, 2024 жылғы қаңтарда клиника басшысы мен оның жұбайының жеке шоттарына 364 млн теңге шығарылған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар