Тікелей эфирде бейпіл сөз айтқан 20-дан астам стример жауапқа тартылды
- авторОймақ
- Бүгін, 09:19
- 46
Қазақстанда әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде бейпіл сөз сөйлеп, заңға қайшы контент таратқаны үшін 20-дан астам стример жауапқа тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, интернет пен әлеуметтік желілерде заңсыз материалдардың таралуын анықтау және жолын кесу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
«Қаралым, лайк және донат жинау мақсатында олар балағат сөздер айтып, әдепсіз мінез-құлық көрсеткен, сондай-ақ қауіпті пранктер ұйымдастырып, басқа адамдардың намысына тиген», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Ереже бұзғандардың қатарында Шымкент қаласының тұрғыны бар. Ол TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде бейпіл сөздер қолданғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды. Осыған ұқсас заңбұзушылық үшін Талдықорған және Түркістан қалаларының тұрғындарына айыппұл салынса, Павлодарда бір азамат қауіпсіздік белдігін тақпай көлік айдағаны әрі тікелей эфирде сөгінгені үшін 20 тәулікке қамалды.
Айта кету керек, кейінгі уақытта Қазақстанның құқық қорғау органдары әлеуметтік желілердегі қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтті. Қазақстан заңнамасына сәйкес, қоғамдық орындарда, соның ішінде әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде балағат сөздер айту майда бұзақылық болып саналады және ол үшін айыппұл салу немесе әкімшілік қамау түріндегі жауапкершілік қарастырылған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






