«Браконьерлер құтырып барады»: сарапшы мәселені Қауіпсіздік кеңесіне шығаруды ұсынды
- авторОймақ
- Бүгін, 14:44
- 20
Оның айтуынша, табиғат қорғаушыларға шабуылдардың қайталануы инспекторлардың қауіпсіздігін мемлекет ерекше бақылауға алуы қажет екенін көрсетеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Айбар Олжай Halyqstan таратқан ақпаратқа сүйеніп, оқиға 12 қарашада Балқаш ауданындағы Тереңкөл маңында, Іле атырауында болғанын жазды. Балық инспекторлары электр тогымен заңсыз балық аулады деген күдікке ілінген адамдарды тоқтатпақ болған. Сол кезде екінші қайықтағы адамдар инспекторлардың қызметтік қайығын әдейі соққаны хабарланған. Қайық суға батып, екі инспектор жағаға жүзіп шыққан.
Сарапшы оқиғаның мән-жайын, кімнің қандай әрекет жасағанын тергеу анықтауы керегін атап өтті. Дегенмен қараша айында суда қалған екі адамның өміріне төнген қауіптің өзі ерекше назар аударуды талап етеді деп санайды.
«Браконьерлер құтырып барады. Олардың заңды орындатуға келген адамға қол көтеруге дейін баруы біз үшін соңғы сигнал. Инспекторды қорқытып, ұрып немесе суға батырып құтылуға болады деген түсінік орнықса, сол жерде мемлекеттік биліктің пәрмені әлсірейді. Даладағы қорықшы да, өзендегі балық инспекторы да мемлекет атынан қызмет атқарады», – деді Айбар Олжай.
Ол Іледегі оқиға 2019 жылы киіктерді қорғау кезінде қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевті есіне түсіргенін айтты. Сарапшы Нұрғалиевтің өлімінен кейін де табиғат қорғаушыларға шабуылдар жалғасқанын атап, Қаныш Нұртазиновтың қазасын, Шардарадағы қорықшыларға жасалған шабуылдарды және инспекторлардың көлігіне оқ ату оқиғасын мысалға келтірді.
Олжайдың пікірінше, браконьерлікпен күресте заңсыз ауланған балық пен атылған аңды сату тізбегін анықтау қажет. Өнімді кім сатып алатынын, қайда өткізетінін және одан кім пайда көретінін тексеру керек. Заңсыз кәсіпке қолдау көрсететін немесе оны қорғайтын адамдар болса, олардың да жауапкершілігі қаралуға тиіс.
«Инспекторға талап қоюмен бірге, оны қорғауға міндеттіміз. Сенімді техника, тұрақты байланыс, құтқару жабдығы, жедел көмекке келетін күш, шабуыл фактісіне бұлтартпас құқықтық жауап қажет. Қызметке шыққан адам мемлекет өзінің артында тұрғанын білуі керек. Оның отбасы да соған сенуі керек», – деді сарапшы.
Айбар Олжай табиғат қорғаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекет үшін принципті мәселе деп бағалады.
«Браконьерді тоқтату мемлекет үшін принципиалды мәселе. Өйткені өз табиғатын қорғап жүрген азаматты қорғай алған жерде ғана заңның күші бар. Сондықтан Қауіпсіздік Кеңесі осы мәселені ескереді деп үміттенемін», – деді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





