сейсенбі, 10 қараша, 2026 10:24

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Жанып тұрған қыз еді": Алматыда қайтыс болған студенттің нағашы әпкесі сол күнгі оқиға туралы айтып берді

"Жанып тұрған қыз еді": Алматыда қайтыс болған студенттің нағашы әпкесі сол күнгі оқиға туралы айтып берді
Коллаж Qaz365.kz
Қайғылы хабар жеткеннен кейін туыстары Алматыға шұғыл аттанған.

Алматыда қайтыс болған ҚазҰУ студенті Жанельдің нағашы әпкесі қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Оның сөзінше, Жанель қаза болған күні жақындарымен сөйлесіп, ешқандай алаңдаушылық білдірмеген. Ал қайғылы хабар жеткеннен кейін туыстары Алматыға шұғыл аттанған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

«Түсте сөйлестік, кешке суық хабар келді»

Жанельдің нағашы әпкесі қыздың өмірге құштар, отбасына жақын болғанын айтады. Оның сөзінше, студент оқуға түскелі үйіне бірнеше рет келіп, жақындарын сағынғанын айтып жүрген.

«Менің қызым өте жанып тұрған қыз еді. Үнемі "Мамам, үйімді сағындым" деп айтып жүретін. Оқуға түскелі үш-төрт рет үйге келіп кетті. "Қызым, жолға ақша құрта бермей, сабағыңды оқы" десем де, "Мамам, сізді сағындым" дейтін. Соңғы келгенінде бешбармақ пісіріп бердім. Өзі қатты жақсы көретін қарнын да дайындадым. "Мама, рақмет, күшті болды" деп риза болып кетті», - дейді марқұмды бағып-қаққан нағашы әпкесі. 

Оның айтуынша, Жанельдің оқуына бастапқыда 550 мың теңге төлеген. Кейін студент грантқа ауысып, шәкіртақы ала бастаған. Қыздың болашағынан үлкен үміт күткен жақындары оның оқуын аяқтап, маман атануын қалаған.

Қайғылы оқиға болған күні де нағашы әпкесі Жанельмен әдеттегідей сөйлескен. Кешкі сағат бестер шамасында студент әкесіне хабарласып, тамақ алуға ақша сұраған.

«Сол күні сағат 12 шамасында хабарластым. "Жаным, қызым, қалайсың?" дедім. "Жақсымын, мама, ұйқымнан енді тұрдым. Сағат екіде сабаққа барамын" деді. "Қызым, сәттілік, жаным" деп жүрекше жібердім. "Болды, сіз де демала беріңіз" деді. Соңғы сөйлескеніміз сол болды. Кешкі сағат бестер шамасында папасымен сөйлесіп, тамақ алуға ақша сұраған. Әкесі үш мың теңге салып берген», - дейді марқұмның жақыны. 

Алайда сол күні кешкі тоғыздар шамасында өзін оқу орнының деканы ретінде таныстырған адам хабарласып, Алматыға шұғыл жетуін сұраған. Жанельдің жағдайы туралы нақты ақпарат бермеген.

«"Тез жетіңіз, ұшаққа билет алып береміз, паспортыңызды жіберіңіз" деді. Мен сасқалақтап, "Не болды? Қызым тірі ме?" деп қайта-қайта сұрадым. "Айта алмаймын, тез жетіңіз" деді. Мен жұмыста едім, аспаз болып істеймін. Қасымдағы құрбым екеуміз дереу жолға шықтық. Таңғы бестен бұрын Алматыға жетіп, Бостандық аудандық полиция басқармасының алдында болдық. Сағат сегізде ауысым келеді, тоғыз жарымда қабылдайды деді», - дейді ол.

Нағашы әпкесінің айтуынша, олар полиция басқармасының алдында бірнеше сағат күткен. Кейін оқиға орнына барып, мән-жайды білуге тырысқан. Алматыда тұратын сіңілісіне де хабарласып, Жанельдің жағдайын білуді өтінген.

«Сағат жеті болды, сегіз болды. Біз тоғыз жарымға дейін күтіп отыра алмаймыз ғой. Алматыда тұратын сіңіліме хабарластым. "Осындай жағдай болыпты, тез жетші, көрші. Аман болсыншы, ең болмаса жедел жәрдеммен алып кеткен болса, қасында болшы" дедім. Мен әлі қызымды тірі деп ойлап тұрдым. Бар ойым – аман болса екен деген тілек болды», - дейді Жанельдің нағашысы. 

Кейін туыстары Жанель тұрған бөлмеге барып, оның жеке заттарын алып кеткен. Сол жерде бірге тұрған студенттерден оқиға болған кештің мән-жайын сұраған.

Нағашы әпкесінің айтуынша, студент қыздар Жанельдің дүкенге шығып келгенін, бөлмеге кірген соң шай ішуді ұсынғанын жеткізген. Алайда бөлмедегі қыздар демалып жатқанын айтқан. Жанель де бөлмелесі келгенше тынығып алмақ болған. Бұған дейін ол бірге тұратын қызға «Қашан келесің?» деп хабарлама жазған екен.

Студенттер Жанельді кейін шкаф жанында асылған күйде тапқандарын айтқан.

«Денесінде көгерген іздер болды. Маған тек шындық керек»

Жанельдің нағашы әпкесі марқұмның денесін көргенде арқасы мен аяқ-қолында көгерген іздер байқағанын айтты. Алайда олардың неден пайда болғанын білмейді.

«Арқасының бәрі көгерген. Қолының да кейбір жерлері көгерген, аяқтарында да шамалы іздер болды. Моргтағылар адам қайтыс болғаннан кейін қан бір жерге жиналып, сондай іздер пайда болатынын айтты. Мен ондай маман емеспін ғой, білмеймін. Өзімнің жүрегім ауырып тұрды. Қызымның тек басынан, шашынан сипадым. Өзі сондай сұлу болып жатыр. Қызымның сол бейнесі көз алдымнан кетпейді», - дейді марқұмның жақыны. 

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері туыстарынан жауап алған. Жанельдің телефоны тергеу органдарында қалған. Ал сараптама қорытындысы шамамен бір айдан кейін дайын болатыны айтылған.

«Бізден сұрақ-жауап алды. Қызыңыз қандай еді, бұрын қандай болды деп бәрін сұрады. Сараптама бір айдан кейін шығады, сол кезде хабарлаймыз деді. Телефоны да сол жақта қалды. Бізге қызымыздың денесін алып кетіп, жер қойнына тапсыру керек болды. Енді сараптаманың қорытындысын күтеміз», - дейді сұхбатында. 

Жанельдің нағашы әпкесі қыздың өз еркімен өмірден кетуі мүмкін екеніне сенбейді. Ол Жанельдің қандай да бір қысымға ұшыраған-ұшырамағанын, оқиға алдында не болғанын анықтауды сұрап отыр.

«Маған тек шындық керек. Қызым неден қайтыс болды? Ол өлетін қыз емес еді. Ондай жағдайда жүрген жоқ. Біреуден қысым көрді ме, біреуге ренжіді ме, білмеймін. Менің тарапымнан ешқандай ақша жағынан қиындық болған жоқ. "Мама, ақша керек" десе, бірден салып жіберетінмін. Үйге келемін десе, келе беретін. Азық-түлігін де беріп жіберетінмін. Мен ешкімнен ештеңе сұрап отырған жоқпын. Маған тек шындық керек. Әділдік керек. Егер осы жағдайға біреу себепші болса, соның бәрі анықталсын. Қандай ана болса да, әділдік сұрайды. Менің де бар талабым осы», - деп түйіндеді марқұмның әпкесі.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар