Өзбекстанда 5 жасар қызды зорлағаннан кейін өлім жазасын қайтару ұсынылды
- авторОймақ
- Бүгін, 09:16
- 10
Оқиғадан кейін Өзбекстан президенті әкімшілігі балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту қажет екенін мәлімдеді.
Хабарлама Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева Telegram-дағы арнасында жариялады.
"Наманганда болған қайғылы оқиға туралы маған баяндады. Менің ойымша, мұндай сұмдық қылмыстар үшін өлім жазасы қолданылуы керек. Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнамада оған жол берілмейді", – деп жазды Мирзиёева.
Ол сондай-ақ қылмыскер мен оқиғаға жол берген тұлғаларға барынша қатаң жаза қолданылатынын айтты.
"Сонымен қатар мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті барынша күшейту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеп жатырмыз", – деді Мирзиёева.
Өзбекстанның Наманган облысы Үшқорған ауданындағы балабақшада мекемеде жұмыс істеген қойма меңгерушісі 5 жасар баланы зорлаған. Қазір күдікті қамауға алынды, ал қылмыстық іс жауапты ведомстволардың бақылауында. Қыздың жақындарының айтуынша, жыныстық зорлық-зомбылық бірнеше рет болған.
Балабақша меңгерушісі өзіне белгілі мәлімет бойынша, оқиға қыркүйек айының басында, өзі еңбек демалысында болған кезде орын алғанын айтты.
Оның айтуынша, күдікті 52 жаста. Ол мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Меңгерушінің сөзінше, бұған дейін ер адамға қатысты ешқандай шағым түспеген. Оның отбасы және кәмелетке толған балалары бар.
Әйел сондай-ақ оқиға туралы кейін білгенін айтты.
Оқиғаға қатысты Өзбекстан Қылмыстық кодексінің "Зорлау" бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс бойынша көрсетілген саралауға сәйкес, кінәлі деп танылған адам 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оқиғаның мән-жайы қылмыстық іс аясында анықталып жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






