сәрсенбі, 23 қыркүйек, 2026 16:18

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Президент Халық Кеңесінің төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды

Президент Халық Кеңесінің төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды
Ақорда
Елордада Президенттік орталықта Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастырушылық отырысы басталды.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі төрағасы қызметіне кандидатура жөніндегі ұсынысын жариялады, деп хабарлады Қазақпарат.

«Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заңның  8-бабына сәйкес, Мемлекет басшысы Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы лауазымына кандидатураны ұсынады.

— Осыған орай, Кеңес төрағасының кандидатурасы бойынша өздеріңізбен ақылдасу қажет. Бұл — конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының барлығын ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өзі ұсынған Е. Қошановтың жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға екенін атап өтті. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жылдар еңбек етіп, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты.

— Енді Халық кеңесінің төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға зор үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін.
Жалпы, Қазақстан Халық кеңесінің алдында тұрған міндет өте көп. Ертең Халық кеңесінің негізгі отырысында алдағы маңызды міндеттеріне кеңірек тоқталамын. Ал қазір осы мәселе бойынша көп сөз айтсам, қисынсыз болар. Жұмыстарыңыз табысты болсын!, — деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, отырыста Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасының орынбасарларын тағайындау және Халық Кеңесі Төралқасын қалыптастыру мәселелері қаралады.

Сондай-ақ тұрақты комитеттердің саны мен атауы, олардың төрағалары мен құрамдары жарияланып, Халық Кеңесінің жұмыс жоспары және Әдеп жөніндегі комиссияның құрамы бекітіледі.


 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар