бейсенбі, 20 тамыз, 2026 18:27

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

АҚШ-тағы тұңғыш Тұран саммитіІ: мәдениет, дипломатия және жаңа халықаралық байланыстар

АҚШ-тағы тұңғыш Тұран саммитіІ: мәдениет, дипломатия және жаңа халықаралық байланыстар
Нью-Йорк қаласында АҚШ-тағы Тұңғыш Тұран саммиті өтіп, оның аясында «ALTYN DOMBYRA USA-2026 CHALLENGE» халықаралық челленджінің лауреаттарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

2026 жылғы 12 тамызда Нью-Йорк қаласында АҚШ-тағы Тұңғыш Тұран саммиті өтті. Халықаралық мәдени дипломатияға бағытталған ауқымды іс-шара Қазақстан, АҚШ және түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық, қоғамдық және халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.

Тұңғыш Тұран саммиті аясында халықаралық «ALTYN DOMBYRA USA-2026 CHALLENGE» челленджінің лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі, «QAGANAT ETHNO VILLAGE» халықаралық жобасының және арнайы артықшылықтар мен эксклюзивті мүмкіндіктері бар «QAGANAT CARD» мүшелік картасының таныстырылымы және халықаралық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы мен тәуелсіздігі бар түркітілдес халықтарының АҚШ-тағы дипломатиялық өкілдері, Нью-Йорк қаласы мен штатының әкімшілік өкілдері, халықаралық ұйымдар, мәдениет және бизнес қауымдастығы, сондай-ақ АҚШ-тағы қазақ және түркітілдес халықтардың диаспораларының төрағалары қатысты.

Саммитті АҚШ-та федералдық деңгейде тіркелген коммерциялық емес «QAZAQ AMERICAN QAGANAT» (QAQ) қазақ диаспорасы және «TURAN AMERICAN QAGANAT» (TAQ) түркітілдес халықтары диаспорасы ұйымдары ұйымдастырды. Іс-шараның басты демеушілерінің бірі – 1809 Emmons Ave, Brooklyn, New York, 11235 мекенжайында орналасқан «LAGHMAN Express» мейрамханасы өз дипломатиялық залын ұсынды.  Бұл мейрамхана – Нью-Йорктің сан алуан гастрономиялық картасында дәстүрлі лагман, мәнті, самса, бауырсақ және басқа да Орталық Азияның ұлттық тағамдарын жоғары деңгейде танытып жүрген ерекше орындардың бірі. Laghman Express-тің беделін халықаралық деңгейде айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі — оның The New York Times рейтінгісі бойынша Нью-Йорктегі үздік 100 мейрамхана тізіміне бірнеше жыл қатарынан енуі.  Оған қоса, федералдық мейрамханалар арасында Нью-Йорк қаласының Денсаулық сақтау департаменті жүйесіндегі «A» санитарлық бағасын дәлелдеуі. Бүгінде АҚШ бойынша бес желісі бар және алдағы наурыз айына дейін тағы отыз желінің ашылуы жоспарда, ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мейрамханалар желісінің иесі – QAQ және TAQ ұйымдараның президенті Назар Али Алаш Ержігітұлының түпнағашысы Қамалбек мырза мен Гүлноза ханым Жораевтар.

Саммиттің ұйымдастырылуына тұрақты қолдау көрсетіп, әрдайым жанашырлық танытып келе жатқан серіктестердің бірі – Өзбекстанның заманауи спорттық және lifestyle мәдениетін қалыптастырып келе жатқан 7SABER бренді және Президенті Атабек Ашуров. «Time to win» философиясын ұстанатын компания ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған спорттық және күнделікті киімдер, аяқ киімдер мен аксессуарлар ұсына отырып, белсенді өмір салтын, спорттық рухты және жеңіске деген ұмтылысты дәріптейді.

Америкадағы барша түркітілдес халықтардың қолдауына ие болған АҚШ бойынша Тұңғыш Тұран саммитінің басты мақсаты – Қазақстан, АҚШ және түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, халықаралық серіктестікті дамыту және мәдениет, қоғамдық байланыстар, инвестиция және этнотуризм бағыттарындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қалыптастыру.

Саммиттің маңыздылығы оның тек мәдени іс-шарамен шектелмей, дипломатиялық өкілдіктерді, диаспоралық ұйымдарды, халықаралық ұйымдарды, қоғамдық институттар мен бизнес қауымдастығын бір алаңға біріктіруінде болды. Бұл ретте мәдениет халықаралық диалогтың құралы ретінде қарастырылып, ұлттық мұраны таныту мен мемлекеттер арасындағы қоғамдық байланыстарды нығайту өзара сабақтастықта ұсынылды.

Тұңғыш Тұран саммитінің ең маңызды нәтижелерінің бірі – халықаралық ынтымақтастықты институционалдық деңгейде дамытуға бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою болды. Меморандум Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Өзбекстан Республикасының, Әзербайжан Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түркия Республикасының, Түрікменстанның және Венгрияның Америка Құрама Штаттарындағы дипломатиялық өкілдіктері мен Нью-Йорк қаласындағы тиісті Бас консулдықтарының уәкілетті өкілдері, сондай-ақ «QAZAQ AMERICAN QAGANAT» және «TURAN AMERICAN QAGANAT» ұйымдарының бірлесе қызмет етуіне бағытталған. Меморандумның негізгі мақсаты – АҚШ аумағындағы түркітілдес мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, түркі халықтарының диаспоралары және қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, сондай-ақ түркі мемлекеттері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы мәдени-гуманитарлық, қоғамдық және экономикалық байланыстарды дамыту.

Құжатта тараптардың АҚШ аумағында түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты үйлестіруге, ортақ бастамаларды қолдауға және бірлескен халықаралық жобаларды дамытуға жәрдемдесу ниеті бекітілген.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде мәдени фестивальдер, көрмелер, конференциялар, форумдар, білім беру және қоғамдық жобаларды бірлесіп ұйымдастыру, дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер арасындағы тұрақты коммуникацияны дамыту, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің кәсіпкерлері мен АҚШ-тағы іскерлік қауымдастықтары арасында бизнес-форумдар, B2B кездесулер және инвестициялық байланыстарды дамыту көзделген.

Сонымен қатар тараптар түркі халықтарының дәстүрлі тағам мәдениетімен байланысты жылқы еті және өзге де төрт түлік ет өнімдерінің АҚШ нарығына заңды түрде шығуына қатысты ақпарат алмасу, экспорттаушы кәсіпорындарға қажетті рәсімдерді түсінуге қолдау көрсету және салалық ұйымдар мен кәсіпкерлер арасында байланыс орнатуға жәрдемдесу ниетін білдірген.

Меморандум аясындағы ынтымақтастық нақты кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, форумдар, бизнес-миссиялар және мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізу, ақпарат пен сараптамалық материалдар алмасу, сондай-ақ нақты жобаларды әзірлеу үшін жұмыс топтарын немесе байланыс тұлғаларын белгілеу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Тұран саммитінің аясында өткен маңызды мәдени шаралардың бірі – «ALTYN DOMBYRA USA-2026 CHALLENGE» халықаралық челленджі лауреаттарын марапаттау рәсімі болды.

2026 жылғы шілде айында QAQ және TAQ ұйымдарының бастамасымен АҚШ-тың 250 жылдығына және Қазақстанның «Ұлттық домбыра күніне» арналған халықаралық челлендж ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық өнерін халықаралық деңгейде насихаттау, мәдени дипломатияны дамыту және халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту болды.

Жобаға әлемнің әр түкпірінен 1465 бейнеөтінім келіп түсті. Челленджге балалар мен жастардан бастап кәсіби музыканттар, өнер ұжымдары, тәжірибелі орындаушылар және домбыраны алғаш рет қолына алған әуесқойлар қатысты. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – қазақтың домбырасын қазақтармен қатар өзге мемлекеттердің түрлі ұлт өкілдерінің орындауы. Қатысушылар қазақ күйлерін орындап, ұлттық аспапқа деген қызығушылығын көрсетті. Осы арқылы домбыраның ұлттық мұра ғана емес, халықтарды жақындастыратын мәдени құндылық екені дәлелденді.

«ALTYN DOMBYRA USA» дәстүрлі музыкалық челлендж шеңберінен шығып, халықаралық қоғамдық дипломатияның мәдени құралына айналды. Жоба мыңдаған адамды ортақ мәдени идея төңірегіне біріктіріп, қазақ мәдениетінің халықаралық кеңістіктегі беделін арттыруға және АҚШ-тағы қазақ диаспорасының әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар негізгі челлендж аясында ұйымдастырушылар арнайы кітап челленджін өткізіп, қазақтың әлемге танымал әншісі Димаш Құдайбергеннің «Шексіз музыка» (Infinite Music) VIP форматындағы кітабының екі данасын ойнатты. Ұлттық мәдениет пен өнерді кітап арқылы насихаттауға бағытталған бұл бастамаға Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тың Флорида штатындағы DEARS қауымдастығының көшбасшысы Клаудия Минк ханым да белсенді атсалысты. Клаудия Минк ханымның қазақ мәдениетін халықаралық ортада насихаттауға қосқан үлесі ескеріліп, оған «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты үш тілде жазылған арнайы кітап табысталды.

12 тамызда Нью-Йорк қаласында өткен салтанатты марапаттау рәсімі Тұран саммитінің мәдени бағдарламасының маңызды бөлігі болды. Шараға Нью-Йорк штаты мен қала өкілдері, Қазақстан Республикасы мен түркі мемлекеттерінің дипломаттары, халықаралық ұйымдардың, мәдениет және бизнес қауымдастығының, сондай-ақ диаспоралардың өкілдері қатысты. «Алтын домбыра» жобасының идея авторы Әлия Тілеубекқызы Әзбергенова қатысты. Жобаға қазылық еткен алқа төрағасы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының майталманы, «Әлқисса» музыкалық мектебінің директоры Қанатбек Саден.

Челлендж қорытындысы бойынша «Жеке орындау» номинациясымен американдық Джефф Герш, «Дуэтпен орындау» номинациясымен Әмірхан Қабдығалиев пен Гүлзира Шаяхметова, «Мәдени контент жасаушы» номинациясымен Иван Червинский, «Шығармашылық шеберлік» номинациясымен Ақнұр Тілеубек, «Cheerleader» номинациясымен Ислана Фазулова марапатталды.

«Жеке орындау» номинациясының лауреаты – америкалық музыкант Джефф Герш. Нью-Йоркте тұратын америкалық музыкант қазақтың ұлттық аспабы – домбыраға деген ерекше қызығушылығымен танылған. Ол домбырада ойнауды алғашында интернеттегі бейнесабақтар арқылы, кейін Zoom арқылы меңгеріп, шеберлігін арттыру үшін Қазақстанға арнайы келген. Астанаға сапары барысында Домбырa академиясының ұстазы Айгерім Мырзахметтен сабақ алып, қазақтың дәстүрлі күйлерін үйренген. Бүгінде оның репертуарында көптеген қазақ күйлері бар. Джефф Герш «Алтын домбыра» жобасының негізін қалаушысы, QAQ және TAQ ұйымдараның ҚР бойынша өкілі Әлия Тілеубекқызы Әзбергеновамен дуэт құрып, Америка Құрама Штаттары бойынша БҰҰ-ның мәдени іс-шараларында, Тұран және Орталық Азия іс-шараларында қазақтың күйін күмбірлетіп, талай рет өнерлерін көрсеткен. 2026 жылы ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тілеулин ұжымы және QAQ АҚШ бойынша қазақ диаспорасының президенті Назар Али Алаш Бименов ұжының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған Наурыз мерекесінде «Әлқисса» домбыра мектебінің жасөспірімдерімен бірге өнер көрсетті.

«Дуэтпен орындау» номинациясының лауреаттары – «Әлқисса» музыкалық мектебінің оқушылары Әмірхан Қабдығалиев пен Гүлзира Шаяхметова. Әмірхан Қабдығалиев пен Гүлзира Шаяхметова дуэттік орындау арқылы қазақтың музыкалық мұрасын сахналық үйлесіммен жеткізіп, дәстүрлі өнердің ұжымдық сипатындағы көркемдігін танытты. Олардың бірлескен орындауы ұлттық музыканы кейінгі буынға жеткізу мен оны заманауи шығармашылық кеңістікте насихаттаудың маңызын көрсетеді.

«Мәдени контент жасаушы» номинациясының лауреаты – Иван Червинский. Иван шетелде спортта, ғылымда және мәдениетте жетістікке жеткен қазақстандықтар туралы деректі контент ұсынатын «Алға, Қазақстан!» медиажобасының авторы. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген Иванның Қазақстан мәдениетіне деген қызығушылығы 2017 жылы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығымен танысқаннан кейін басталған. 2018 жылдан бастап ол Димаштың өнері мен Қазақстан мәдениетін шетелдік аудиторияға таныстыру мақсатында YouTube арнасын жүргізе бастады. 2023 жылғы 27 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оған халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Алғыс хатын жеке өзі табыстады. Сол жылдың 24 қазанында Президент Жарлығымен Иван Червинский «Достық» орденінің II дәрежесімен марапатталды. 2026 жылы ол Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.

«Шығармашылық шеберлік» номинациясының лауреаты – Ақнұр Тілеубек. Ақнұр шығармашылық шеберлігімен, ұлттық өнерді өзіндік орындаушылық мәнерімен жеткізуімен ерекшеленіп, челлендждің осы номинациясында жоғары бағаланды. Оның өнері қазақтың дәстүрлі мәдениетін заманауи шығармашылық кеңістікте танытуға бағытталған жас өнерпаздардың әлеуетін көрсетеді. Ақнұр Атырау қаласының Д. Қонаев атындағы «BINOM» мектебінің оқушысы, шығармашылық және білім салалары бойынша түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Талантты, санқырлы Ақнұр Димаш Құдайбергеннің өз қолымен салған портретін ҚР-ның Нью-Йорк қаласындағы Бас консулы Рауан Тілеулин мырзаға сыйлады, сондай-ақ QAQ ұйымы ашқан этномузей қорына өз қолынан жасаған шығармашылық бұйымдарын тарту етті.

«Cheerleader» номинациясының лауреаты – Ислана Фазулова.
Ислана Фазулова челлендж аясындағы белсенділігімен, ұлттық өнерге қолдау көрсетуімен және шығармашылық бастамаларға жігер беретін ерекше энергиясымен көзге түсті. «Cheerleader» номинациясы өнерді тек орындау ғана емес, оны қолдау, насихаттау және айналасына позитивті шығармашылық орта қалыптастыру да мәдени қозғалыстың маңызды бөлігі екенін айқындайды. Ислана Тараз қаласының №13 мектебінің 5 сынып оқушысы, көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне кандидат.

Ақнұр мен Ислана – Димаш Құдайбергеннің өнерін жүрекпен қабылдап, оның шығармашылығын насихаттап жүрген белсенді жанкүйерлер әрі «Ақерке» челленджінің қатысушылары. Қазақстанның мәдениет қайраткерлері, өнер жанашырлары Қанат мырза мен Светлана ханым Айтбаевтардың ақ батасын алған қос талантты қыздың шығармашылық жолы ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікпен сабақтасып келеді. Осы жолғы Америка сапарында Ақнұр мен Ислана QAQ және TAQ ұйымдарының еріктілер қатарына қосылды.

14 тамыз күні Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан  Ілиясов мырза Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдыққа Қазақстаннан арнайы келген «ALTYN DOMBYRA USA-2026 CHALLENGE» лауреаттары мен жобаның авторы Әлия Әзбергенованы арнайы шақырып, ұлттық өнерді дәріптеп, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосып жүрген өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттарын табыстады. Оған қоса, Димаштың өнерін, қазақтың мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттап жүрген QAQ және TAQ ұйымдарына ризашылықтарын білдіре отыра Димаштың ата-анасы, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Қанат мырза және Светлана ханым Айтбаевтар «ALTYN DOMBYRA USA-2026 CHALLENGE» халықаралық челленджі лауреаттарына өз атынан сыйлықтарын жеткізді.

18 тамыз күні QAQ және TAQ ұйымдарының Президенті Назар Али Бименов, директоры Гульчехра Пазиева және «ALTYN DOMBYRA USA-2026 CHALLENGE» лауреаты Ислана Фазулова Нью-Йорк қаласы мэриясының арнайы шақыртуымен Орталық Азия және түркі халықтары өкілдерімен кездесуге қатысты. Бұл шақырту QAQ және TAQ ұйымдарының Нью-Йорк қаласындағы қоғамдық және мәдени ортада танылып, түрлі қауымдастықтармен байланысының кеңейіп келе жатқанының тағы бір көрінісі болды. ұл кездесу жаңа байланыстар орнатуға, өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға және алдағы бірлескен бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруға тың серпін берді. Кездесу барысында Өзбекстан Республикасының Президент аппаратының өкілі Хусан Эрматов QAQ және TAQ ұйымдарының Президенті Назар Али Бименовке түрткітілдес елдер арасындағы ынтымақтастыққа қосып жүрген үлесі үшін ризашылығын білдіріп, Өзбекстанның жаңа даму кезеңі, реформалары мен жетістіктері туралы «Millat Shavkat» кітабын тарту етті. Өз кезегінде, Назар Али Бименов Өзбекстан Республикасының Президент аппаратының басшылығына достық, серіктестік қарым-қатынастардың ілгерілеуіне сенім білдіріп, қазақтың шапанын жапты.

Тұран саммиті мен «ALTYN DOMBYRA USA» жобасы - QAQ ұйымының бірнеше жыл бойы қалыптастырған жүйелі мәдени және қоғамдық жұмысының нәтижесі.

Бүгінде QAZAQ AMERICAN QAGANAT – АҚШ-тағы қазақ диаспорасының басын біріктіріп, ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеуге, қазақ халқының рухани мұрасын халықаралық деңгейде танытуға белсенді атсалысып келе жатқан федералдық деңгейде тіркелген қазақ ұйымы.

Ұйымның бастамасымен Нью-Йоркте АҚШ-тағы алғашқы қазақ этномузейі ашылып, қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын таныстыратын тұрақты мәдени кеңістік қалыптасты. Бруклин ауданында «Алтын домбыра» домбыра студиясы құрылып, жас ұрпаққа ұлттық музыкалық мұраны үйрету мен насихаттауға бағытталған тұрақты шығармашылық алаңға айналды. Сонымен қатар QAQ өкілдері American Central Asian Association (ACAA) ұйымдастырған Орталық Азия мәдениеті фестиваліне қатысып, қазақ өнері мен мәдениетін халықаралық аудиторияға кеңінен таныстырды.

Жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру мақсатында «Jurekten Jurekke» мәдени-әлеуметтік клубы ашылып, жастардың басын біріктіретін жаңа орта қалыптасты. Бұдан бөлек, QAQ ұйымдастыруымен Наурыз мерекелері, халықаралық мәдени фестивальдер, жастар форумдары, қайырымдылық бастамалар мен қазақ өнерін дәріптеуге арналған түрлі мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жобалардың барлығы шетелдегі қазақ мәдениетін сақтап қана қоймай, оны жаңа буынға жеткізуге және халықаралық кеңістікте кеңінен танытуға бағытталған.

QAQ пен TAQ ұйымдары жыл сайын Чикаго қаласында өтетін Central Asian Business Expo халықаралық іскерлік шарасына тұрақты түрде демеушілік көрсетіп, Орталық Азия елдерінің кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға, жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қалыптастыруға және өңірдің мәдени-экономикалық әлеуетін АҚШ-та танытуға үлес қосып келеді.

2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде QAQ және TAQ ұйымдарының президенті Назар Али Алаш Бименов Жораевтар отбасымен бірлесіп, Нью-Джерси штатындағы мұсылмандар зиратында қайтыс болған отандастарымызды жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға және марқұмдардың денелерін Қазақстанға жөнелтуге қажетті көмек көрсетіп, туындаған әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етті.

QAQ пен TAQ ұйымдарының президенті Назар-Әли Бименов Қазақстанның «Алматыкітап» баспасын Америкада халықаралық деңгейде таныстырып, баспа кітаптарының көрмесін ұйымдастырды және баспаның Америкадағы өкілі атанды. «Алматыкітап» баспасының басшылығы Элеонора және Анель Баталовалар қазақ тіліндегі кітаптарды ұйымдардың Америкадағы мәдени жобалары үшін жеңілдікпен ұсынып, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатыр. Бұл серіктестік те бір реттік қолдаумен шектелмей, өзара сенім мен достыққа негізделген үздіксіз ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып отыр.

Бұл жұмыстар қазақ мәдениетін америкалық қоғамға кеңінен таныстырумен қатар, түрлі этностар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени диалогты нығайтуға ықпал етті.

QAQ бастамаларын толықтыратын TURAN AMERICAN QAGANAT (TAQ) ұйымының негізгі мақсаты – түркі халықтарының тарихи және мәдени мұрасын бір арнаға тоғыстыру. TAQ халықаралық мәдени жобалар мен шығармашылық серіктестіктерді дамыта отырып, түркі елдерінің мәдени байланыстарын кеңейтуге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени-гуманитарлық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға үлес қосып келеді.

QAQ пен TAQ ұйымдарының бірлескен қызметі қазақ мәдениетін ғана емес, түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.

Тұран саммитінің ұйымдастырылуы да осы екі ұйымның ортақ қызметінің заңды жалғасы болды. Саммит арқылы бұған дейін мәдени жобалар аясында қалыптасқан халықаралық байланыстар дипломатиялық, қоғамдық және институционалдық ынтымақтастық деңгейіне шығарылды.

Бүгінде QAQ пен TAQ қызметі мәдени іс-шаралар өткізумен ғана шектелмейді. Ұйымдар мемлекеттік мекемелермен, дипломатиялық өкілдіктермен, халықаралық ұйымдармен және қоғамдық институттармен тұрақты әріптестік орнатып келеді. Олардың қызметі мәдени жобалар арқылы Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға, қазақ диаспорасын біріктіруге, түркі халықтарының мәдени байланыстарын кеңейтуге және Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени дипломатияның жаңа кезеңін қалыптастыруға бағытталған.

Осы тұрғыдан алғанда, Тұран саммиті – осы көпжылдық жұмыстың жаңа сапалық деңгейге көтерілген көрінісі. Егер бұған дейін мәдени фестивальдер, этномузей, домбыра студиясы, жастар клубтары мен халықаралық челлендждер арқылы байланыс орнатылса, енді саммит аясында дипломатиялық өкілдіктер мен қоғамдық ұйымдар арасында ынтымақтастықтың нақты бағыттары белгіленіп, меморандумдар арқылы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға негіз қаланды.

Тұран саммиті QAQ пен TAQ ұйымдарының халықаралық қызметіндегі жаңа кезеңнің бастауы болды. Ұйымдар алдағы жылдары қазақ мәдениетін жаһандық деңгейде насихаттайтын жобалардың аясын кеңейтуді, АҚШ пен Қазақстан арасындағы мәдени дипломатияны нығайтуды және халықаралық әріптестік желісін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Жақын арадағы негізгі бастамалардың қатарында 2027 жылы АҚШ-та Америка қазақтарының алғашқы Құрылтайын өткізу, халықаралық этномәдени жобаларды жүзеге асыру, түркі халықтарының мәдени ынтымақтастығын кеңейту, жастардың шығармашылық және білім беру бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ қазақтың ұлттық өнерін әлемнің жаңа аудиториясына таныстыруға бағытталған халықаралық фестивальдер мен мәдени форумдар ұйымдастыру бар.

Сонымен бірге «America's Beauty of the Turkic World» халықаралық байқауын өткізу жоспарлануда. Байқау арқылы түркі халықтарының мәдени әртүрлілігі мен ортақ рухани мұрасын халықаралық деңгейде таныту көзделеді.

Ал «QAGANAT ETHNO VILLAGE» жобасы ұйымдардың ең ауқымды бастамаларының бірі болмақ. Мұнда көшпенділер өркениетінің мәдениеті таныстырылып, «Turan Games» халықаралық этноспорт фестивалі ұйымдастырылады. Қазақтың ұлттық спорт түрлері, көшпенділер ойындары, дәстүрлі қолөнер, этнография және ұлттық тағам мәдениеті бір кеңістікте ұсынылады.

Бұдан бөлек, этноауыл базасында Қазақстаннан және әлемнің басқа мемлекеттерінен келетін қазақ балаларына арналған мәдени-сауықтыру лагерін ашу жоспарланған. Бұл жоба жаңа буынның тарихи тамырымен байланысын сақтауға және қазақ мәдениетін халықаралық ортада дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырылады.

АҚШ-тағы тұңғыш Тұран саммиті – қазақ және түркі мәдениетін халықаралық деңгейде таныстырудың жаңа форматын көрсеткен маңызды бастама. Бұл туралы QAQ және TAQ ұйымдарының Президенті Назар-Әли Бименов қоыртынды сөзінде: «Бүгінгі Тұран саммиті мен оның аясында өткен «ALTYN DOMBYRA USA-2026» халықаралық челленджінің марапаттау рәсімі қазақ және түркі халықтарының мәдениетін халықаралық деңгейде танытып қана қоймай, мәдени дипломатияны нақты ынтымақтастыққа ұластырған маңызды тарихи қадам болды. Бізге көрсетілген қолдау мен сенім алдағы уақытта дипломатиялық өкілдіктермен, қоғамдық ұйымдармен және халықаралық серіктестермен бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруға үлкен серпін береді. Тұран саммиті – ортақ мәдени мұрамызды әлемге танытып, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын ұзақ мерзімді халықаралық платформаның бастауы» деп мәлімдеді.

QAQ пен TAQ үшін басты мақсат – қазақ және түркі мәдениетін шетелде таныстырумен ғана шектелмей, оны халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтатын ортақ құндылыққа айналдыру. Нью-Йоркте өткен тұңғыш Тұран саммиті осы миссияның жаңа кезеңін бастап берді.

 

Назар Али Ержігітұлы,

«Qazaq American Qaganat» АҚШ-тағы қазақ диаспорасы Президенті

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар