"Шәмші Қалдаяқов" медалі - өнерге берілген жоғары баға - Аида Балаева
- авторОймақ
- Бүгін, 17:30
- 36
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешімнің маңызы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
«Бүгін Президент мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады. Мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды әрі көптен күткен осынау шешім үшін еліміздің бүкіл мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін!» – деп жазды министр.
Оның айтуынша, бұл шешім – мәдениет пен өнердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, осы салаға бар ғұмырын арнаған азаматтардың еңбегін лайықты бағалауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың жалғасы.
«Бүгінде еліміздің мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Елімізде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді. Бұл сандардың артында ұлттық мәдениеттің дамуына талмай еңбек етіп жүрген қаншама адамның қажырлы қызметі тұр. Олардың еселі еңбегі ұлттық өнерді өркендетіп, мәдени мұрамызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етіп келеді. Сондықтан мұндай еңбек мемлекеттік деңгейде лайықты бағалануға тиіс екені сөзсіз», – деп атап өтті Аида Балаева.
Министр бүгінгі шешімге жаңа Конституцияның қабылдануы да ерекше мән беретінін айтты. Оның сөзінше, тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына қосылып, конституциялық деңгейде бекітілді.
«Президент атап өткендей, енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Бұл норма қазірдің өзінде нақты мазмұнмен толығып келеді. Кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендиялардың көлемі де екі есе артты. Жыл сайын мұндай стипендияны 75 азамат алады», – деді ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астана қаласында болса, 60 пәтер Алматы қаласында табысталған. Биыл тек Мәдениет пен өнер қызметкерлері күніне орай мемлекеттік наградалармен жүзден астам әріптесі марапатталған.
«Мемлекеттік деңгейдегі бағалау жүйесі де кезең-кезеңімен жаңарып келеді. «Халық әртісі» құрметті атағы отыз жылдан кейін қайта жаңғыртылды. Енді бұл тізім «Шәмші Қалдаяқов» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағымен толықты», – деп атап өтті министр.
Аида Балаева Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыканы, композиторлық пен орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілетін жоғары баға болатынын айтты. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретшілердің, графиктердің, мүсіншілердің және басқа да бейнелеу өнері өкілдерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде лайықты бағалауға мүмкіндік береді.
«Жаңа марапаттар – Президенттің мәдениет саласына деген айрықша назарын және өнер адамдарына жан-жақты қолдауын тағы бір дәлелдей түсетіндей. Бұл әріптестеріміздің көп жылғы шығармашылық еңбегінің лайықты бағасы болып, мәдениет саласының жаңа буынына тың серпін берері сөзсіз. Барша мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына тағы да зор алғысымды білдіремін. Бұл – баршамыз үшін шын мәнінде үлкен оқиға. Мәдениет пен өнер адам жанын емдейді, рухани байытады, өмірді сүюге, жақсылық пен ізгілікке жетелейді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының мәдениетті дамытуға ерекше басымдық беріп отырғаны біз үшін зор қуаныш», – делінген жазбада.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Пәкістанның Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттарын жолдады
- авторОймақ
- 14 тамыз, 2026






