Алматыда әлеуметтік желіде көпәйелділікті насихаттайтын материалдар жариялаған блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері мониторинг барысында ер адамның үш әйелін көрсетіп, ел заңнамасы мен моральдық-этикалық нормаларға қайшы келетін көпәйелділікті насихаттаған жазбаларын анықтады. Тәртіп сақшылары автордың жеке басын анықтап, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы 3-1-бөлігі («Құқыққа қайшы контентті орналастыру») бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
«Алдын алу сипатындағы профилактикалық әңгімелесу жүргізілгеннен кейін азамат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасынан жарияланған материалдарды өз еркімен өшірді», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, елде тек бір некелілік принципі танылады және көпәйелділікке заң жүзінде рұқсат етілмейді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде заңға қайшы келетін немесе қоғамдық моральға нұқсан келтіретін контент таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





