Атыраудағы қанды қылмыс: Сәрсемәлиев ісінде жаңа деректер пайда болды
- авторОймақ
- Бүгін, 20:06
- 23
Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Қылмыс жасады деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке айыптаудың жаңа тармақтары тағылды, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Бүгін, 30 маусымда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік айыптаушылар Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа редакциядағы айыптау актісін оқып берді.
Ең маңызды өзгеріс оның бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизодтарына қатысты болды.
Тергеу нұсқасы бойынша, олар бұрынғы қайын інісі Наурыз Мұқанғалиевті өлтіру қылмысын жасыру мақсатында өлтірілген. Осыған байланысты аталған эпизодтар бойынша айыптау жаңа саралаушы белгімен толықтырылды.
Бұрынғы балдызы Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша да айыптау өзгерді. Тергеу әйелдің дәрменсіз күйде болғанын алға тартады: ол психикалық аурумен ауырған, мүгедектігі болған және өзін қорғай алмаған. Осыған байланысты айыптауға жаңа саралаушы белгілер қосылды.
Сонымен қатар тергеу бірқатар басқа қылмыстардың құқықтық бағасын өзгертті. Қаза тапқан туыстарының атына рәсімделген мүгедектік жәрдемақысы мен зейнетақы төлемдерін заңсыз алу енді интернет-алаяқтық, яғни ақпараттық жүйені пайдалану арқылы ақша ұрлау ретінде сараланып отыр.
Ал жәбірленушілердің үй малын сату эпизоды алаяқтықтан мал ұрлығы бабына қайта сараланды.
Сондай-ақ айыптау актісінен бұрын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде көрсетілген деректер алынып тасталды. Әңгіме кінәні мойындау, өкіну және сотталушының кәмелетке толмаған бес баласының болуы туралы болып отыр.
Айыптау оқылғаннан кейін судья Зарема Хамидуллина Сәрсемәлиевке енгізілген барлық өзгерісті түсіндірді. Сотталушы өзгерістердің нақты неден тұратынын сұрап нақтылады.
Осыдан кейін жәбірленуші тараптың адвокаты Шынар Нұрмұратқызы Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның ажырасуына қатысты Махамбет аудандық сотының шешімін оқуды сұрады.
Құжатқа сәйкес, 2022 жылы әйел күйеуінің көзіне шөп салғанынан кейін ажырасуға арыз берген. Ол отбасын сақтап қалуға мүмкіндік көрмейтінін көрсеткен. Сот оның талабын қанағаттандырған, ал Сәрсемалиев некені бұзуға қарсы болмаған.
Адвокаттың айтуынша, бұл шешім қылмыстық іс материалдарына Ақбаянның ажырасу кезінде психикалық жағдайы тұрақты болғанын растау үшін де тіркелген.
Келесі сот отырысы 7 шілдеге белгіленді. Сол күні Сәрсемәлиев жаңа айыптарды мойындай ма, қайтадан жауап бере ме, әлде бұрын берген жауабында қала ма – соны айтуы тиіс. Осыдан кейін тараптар оған сұрақ қоя алады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





