Алматылық тұрғын танымал әлеуметтік желілердің бірінде ақ аюдың видеосын жариялады. Оның айтуынша, кадрлар 11 маусымда түсірілген. Сол күні Алматыда ауа температурасы 30 градусқа дейін көтерілген.
“Ақ аюлар – cуыққа, қар мен мұзға бейімделген арктикалық жануарлар. Сондықтан оның жағдайына алаңдап тұрмын. Қоршаудағы салқындату жүйесі дұрыс жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ сырттай қарағанда жануарға өте ауыр сияқты көрінеді. Зообақтан ресми түсініктеме алғым келеді. Мұндай ыстықта ақ аюға қандай жағдай жасалғанын білгім келеді”, – деп жазды ол.
Пікір қалдырғандардың бір бөлігі ақ аю ұсталатын жағдайды жақсартуды талап еткен.
Зообақ не дейді?
Алматы зообағының мәліметінше, ақ аюдың жаз мезгілінде жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
“Ақ аюдың қарамағында салқын су құйылған екі бассейн, өндірістік кондиционерлер орнатылған салқындатылатын апан, сондай-ақ мұз генераторы мен қар генераторы бар. Ақ аюдың жағдайы ветеринар мамандар мен зообақ қызметкерлерінің тұрақты бақылауында. Қазір оның денсаулығына қатысты алаңдауға негіз жоқ”, – деп хабарлады зообақтың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ мекеме ақ аюдың қоршауы жануарларды ұстаудың заманауи халықаралық стандарттарына сай екенін мәлімдеді.
“Бассейндердің айналасындағы аумақта табиғи топырақ жабыны бар. Бұл жануардың өзіне үйреншікті ортаға жақын жағдайда өмір сүруіне мүмкіндік береді. Әлемдегі көптеген зообақта мұндай аймақтар негізінен бетонмен қапталған. Сонымен қатар қоршаудың аумағы кең. Ақ аюдың қозғалуына, жүзуіне, демалуына және табиғи белсенділігін көрсетуіне жеткілікті кеңістік бар”, – деп қосты зообақ өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы зообағындағы Джума есімді арыстан келушінің жауапсыз әрекетінен зардап шеккен еді. Келушілердің бірі жануардың назарын аудармақ болып, оған тас лақтырған. Оқиға видеоға түсіп қалған.
Құқықбұзушыны полиция қызметкерлері тез арада анықтап, бөлімшеге жеткізген. Оған қатысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Істі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарап, ер адамды кінәлі деп таныды. Әдетте ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік істе 20 АЕК (70-80 мың теңге аралығында) айыппұл салынады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




