Ұлттық қордан бөлінген 64 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған – Жоғары аудиторлық палата
- авторОймақ
- 1 сәуір, 2026
- 53
2023–2024 жылдары жүргізілген аудит барысында Ұлттық қордан бөлінген қаржының игерілуіне кешенді талдау жасалған. Нәтижесінде жауапты органдарға қаржылық тәртіпті күшейту және тиімсіз жұмсалған қаражатты қайтару жөнінде нақты ұсынымдар жолданды.
Аудиторлар жобаларды іріктеу сапасын арттыру, қаражаттың соңғы алушыға дейін жетуін толық бақылауға алу және квазимемлекеттік сектордың қарыздарын мерзімінен бұрын өтеу қажеттігін атап өтті.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесіне арналған комиссия отырысында жүйелі кемшіліктер бар екенін ашық айтты.
«Тексеру нысаналы трансферттер есебінен 3,4 триллион теңгеге қаржыландырылған 3 мыңнан астам жобаны және квазимемлекеттік секторға берілген 3,8 триллион теңге облигациялық қарыздарды қамтыды. Жалпы нәтиже бар, бірақ экономикалық қайтарымды арттыруға мүмкіндік жеткілікті. Сонымен қатар бірқатар бұзушылықтар анықталды», – деді ол.
Оның айтуынша, басты проблемалардың бірі – Ұлттық қорды басқаруға жауапты бірыңғай органның жоқтығы. Қазіргі таңда бұл функциялар бірнеше ведомство арасында бөлінген.
«Қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны туралы толық әрі орталықтандырылған ақпарат жоқ. Есептілік ашық емес. Кейбір жобалар бастапқы дайындықсыз қаржыландырылған – жобалық-сметалық құжаттамасы, жер учаскелері болмаған. Соның салдарынан мерзімдер созылып кеткен», – деді Смайылов.
Аудит барысында құны 394 миллиард теңгені құрайтын 500-ден астам жобаның не алып тасталғаны, не іске асыру барысында өзгертілгені белгілі болды. Сонымен қатар Ұлттық қор есебінен қаржыландырылмауы тиіс бірқатар жергілікті деңгейдегі жобалар да қолдау тапқан.
«Ұлттық қор қаражатын тартпай-ақ жүзеге асыруға болатын жобалар қаржыландырылған. Ауылдарды абаттандыру, шағын әлеуметтік нысандар сияқты бастамалар да қор есебінен жабылған. Кей жағдайда қаржы бұрын аяқталған жобаларға қайта бөлінген немесе қажеттіліктен артық көлемде берілген», – деді палата төрағасы.
Тексеру нәтижелері қаражатты мақсатсыз қайта бөлу фактілерін де ашып көрсетті. Мәселен, ауыл медицинасына арналған қаржы қалалық нысандарға жұмсалған, бұрын сатып алынған жабдықтарға қайта қаржы бөлінген. Кей өңірлерде сатып алу көлемі жоспардан екі есе асып кеткен.
Сондай-ақ облигациялық қаржыландыруды бақылаудың әлсіздігі, тиімсіз жобаларды қолдау және жеңілдікті несиелерді мақсатсыз пайдалану жағдайлары тіркелген.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану жөнінде нақты міндет жүктегені айтылды.
«Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қаражатты тек мұқият сараланған, экономикалық қайтарымы жоғары жобаларға бағыттау қажет», – делінген Президент ұстанымында.
Айта кетейік, аудит қорытындысы бойынша тиімсіз жұмсалған 64 миллиард теңгені бюджетке қайтару, бақылау тетіктерін күшейту және жобаларды іріктеу жүйесін қайта қарау ұсынылды. Сарапшылар бұл шаралар қаржының ашықтығын арттырып, Ұлттық қор қаражатының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






