жұма, 3 сәуір, 2026 1:42

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Депутат: «Халықтың қалтасы көтермейді» – тариф өсіміне мораторийді ұзарту ұсынылды

Депутат: «Халықтың қалтасы көтермейді» – тариф өсіміне мораторийді ұзарту ұсынылды
shyndyk.kz
Қазақстанда коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай тарифтеріне қойылған мораторийдің күші жойылғаннан кейін, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек тарифтердің өсуіне уақытша тыйымды ұзарту қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда халықтың табысы мен шығыны арасындағы алшақтық күшейіп, бағаның күрт өсуі әлеуметтік қысымды арттыруы мүмкін.

Депутат кулуарда сөйлеген сөзінде тарифтердің соңғы жылдары айтарлықтай қымбаттағанын атап өтті. Ол бұл үрдіс халықтың төлем қабілетіне тікелей әсер етіп отырғанын жасырмады.

«Тарифтер бұрынмен салыстырғанда өте қатты көтерілген, халықтың, адамдардың қалтасы көтермейді. Тарифтер өте жоғары, ал табыс деңгейі оған жетпейді. Сондықтан біз қарапайым азаматтардың жағдайын ескеруіміз керек – халық оны көтере ала ма? Менің ойымша, үкімет те дәл осы санат бойынша ойлайды», – деді Бақытжан Базарбек.

Оның сөзінше, мораторий аяқталғанымен, дәл қазір тарифті көтеру мәселесін күн тәртібіне қоюға ерте. Керісінше, бұл мәселені уақытша тоқтата тұрып, халықтың әлеуметтік жағдайына бейімделген шешім қабылдау маңызды.

«Мораторийді созу керек. Жақын арада тарифтерді көтеру туралы мәселе мүлде көтерілмеуі тиіс», – деді депутат.

Айта кетейік, Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерін өсіруге енгізілген мораторий 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін күшінде болды. Осы уақыт ішінде монополист компаниялардың инвестициялық міндеттемелері тексеріліп, саладағы шығындар мен инфрақұрылым жағдайы сараланды.

Саладағы негізгі мәселелердің бірі – тозған инфрақұрылым. Ресми деректерге сәйкес, кейбір өңірлерде коммуналдық желілердің тозу деңгейі 50 пайыздан асып кеткен. Бұл өз кезегінде тарифтерді қайта қарау қажеттігін алға тартып отыр.

Дегенмен, сарапшылар тарифтерді күрт өсіру әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мораторий аяқталғанымен, тарифтер ең ерте маусым айында өзгеруі ықтимал.

Осыған байланысты депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар алдағы тариф саясатына ықпал етуі мүмкін.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар