Жаңа Конституция 11 бөлім, 95 баптан тұрады.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, құжатты әзірлеу барысында соңғы алты айда қазақстандықтардан түскен ұсыныстар, Комиссия мүшелері көтерген бастамалар ескерілген.
“Жаңа Конституция халықты мемлекеттік биліктің жалғыз қайнар көзі деп таниды. Халық өз билігін жалпыұлттық референдум мен еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады. Сондай-ақ өз өкілеттіктерінің бір бөлігін мемлекеттік органдарға береді” – деді Бақыт Нұрмұханов.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияда не жазылғанын түсіндірді.
“4-бапта “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы” деп шегеленіп жазылды. Конституция мәтінінде “республикалық референдум” ұғымы “жалпыхалықтық референдум” деп өзгертілді. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді”, – дейді Нұрмұханов.
Сондай-ақ Конституциялық сот төрағасының орынбасары бір палаталы парламентке бөліміне де тоқталды.
“Бір палаталы Парламент моделіне арналған нормалар төртінші “Құрылтай” деген бөлімде жинақталды. Алтыншы бөлім екі баптан тұрады және Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. Бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. Референдум өткізу бастамасын көтеретін субъектілер қатарына Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылған”, – деді Нұрмұханов.
Мемлекеттік құрылым мен адам құқықтарының негіздері
Жоба аясында Қазақстанда қолданылатын қолданыстағы құқыққа және халықаралық шарттарды қолдану тәртібіне қатысты негізгі конституциялық нормалар нақтыланған. Халықаралық келісімдерді ел аумағында іске асыру заңдар арқылы айқындалады. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл халықаралық міндеттемелер мен ұлттық егемендік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Меншікке қатысты нормаларға елеулі өзгерістер енгізілген. Мәтінде меншік құқығын пайдалану қоғам мен мемлекет игілігіне қызмет етуі, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және басқа адамдардың құқықтарын шектемеуі тиіс екені тікелей көрсетілген. Осылайша, экономикалық еркіндік әлеуметтік жауапкершілікпен ұштастырылады.
Коммерциялық емес ұйымдар қызметінің ашықтығына да ерекше назар аударылған. Жобада шетелден қаржы немесе актив алатын үкіметтік емес ұйымдардың қаражат қозғалысы туралы ақпараттың ашық болуы талап етіледі. Бұл мәліметтер заңда белгіленген тәртіппен қолжетімді болуы тиіс.
Сонымен қатар Конституцияда діннің мемлекеттен бөлінгені туралы қағидат тағы да бекітілген. Діни бірлестіктер еркін қызмет ете алады. Алайда олардың қызметі конституциялық құрылысқа, ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен адамгершілігіне қауіп төндірген жағдайда шектелуі мүмкін.
Презентация барысында бұл нормаларды мемлекеттің зайырлы сипатын күшейтуге бағытталған өзге де өзгерістермен кешенді түрде қарастыру қажет екені атап өтілді.
Құқықтар, бостандықтар және кепілдіктер
Жобаның екінші бөлімі негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттерге арналған. Ол Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан қатысушысы саналатын халықаралық келісімдердің талаптарын ескере отырып әзірленген. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, соның нәтижесінде жеке, әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтардың мазмұны жаңа қырынан ашылып, оларды қорғау кепілдіктері күшейтіледі.
“Қоғамдық талқылау барысында, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, адамның жеке өміріне қол сұғылмауы, цифрлық дәуір жағдайында дербес деректерді қорғау, бейбіт қатар өмір сүру қағидаттары туралы нормалар ерекше қолдауға ие болды”, – дейді Нұрмұханов.
Сонымен қатар қос азаматтыққа немесе бірнеше азаматтыққа жол берілмейтіні нақты бекітілген. Басқа мемлекеттің азаматтығының болуы Қазақстанның азаматтығын тоқтатуға негіз болады.
Өзгерістердің жеке бір бөлігі қылмыстық процесс пен жеке бас бостандығын қорғауға қатысты. Бастапқыда сот шешімінсіз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту мәселесі талқыланған. Алайда соңғы нұсқада нақты мерзімдерді заңмен белгілеу, ал негізгі қағидатты Конституция деңгейінде бекіту туралы шешім қабылданған.
Атап айтқанда, 18-бапта адамды соттың шешімінсіз заңда белгіленген мерзімнен артық ұстауға болмайтыны, ал қамауға алу тек соттың шешімімен және оған шағымдану құқығын сақтай отырып жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Сонымен бірге сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігі, зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі нормалар толық сақталған. Банктік операциялар мен салымдардың, хат алмасудың, телефон сөйлесулерінің және цифрлық хабарламалардың құпиялығы ерекше атап өтілген.
Президент және биліктің жаңа жүйесі
Мемлекет басышысына арналған бөлім тұжырымдамалық тұрғыда қайта өңделген. Онда президенттің биліктің барлық тармақтарының үйлесімді әрі үздіксіз жұмыс істеуінің кепілі ретіндегі рөлі, басқару органдарының ел халқына жауапкершілігі айқындалған.
Президент болып Қазақстан азаматы, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, ел аумағында кемінде 15 жыл тұрақты тұрған, жоғары білімі бар және кемінде бес жыл мемлекеттік немесе сайланбалы қызмет өтілі бар тұлға сайлана алады.
Жобада президент сайлауын өткізу тәртібі, ант беру рәсімі, президенттің құрылтаймен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, қызметінен мерзімінен бұрын босатудың негіздері егжей-тегжейлі көрсетілген. Сонымен қатар президенттің өз еркімен өкілеттігін тоқтату құқығы алғаш рет тікелей бекітілген.
Президенттік өкілеттіктерді беру тетігіне де ерекше назар аударылған. Президент мерзімінен бұрын қызметінен босатылған, шеттетілген немесе қайтыс болған жағдайда, құрылтай жеті күн ішінде президент сайлауын жариялауға міндетелді. Ал сайлау екі айдан кешіктірілмей өтуі тиіс. Бұл ретте Конституциялық сот президенттің биліктен өз еркімен бас тартуының еріктілігін растау өкілеттігіне ие болады.
Құрылтай, Үкімет және сот жүйесі
Жобада бірпалаталы парламентке Құрылтайға көшу бекітілген. Осыған байланысты тиісті бөлімде Құрылтай сессиялары, оның қызметін ұйымдастыру тәртібі, заң шығару бастамасы және заңдармен реттелетін қоғамдық қатынастардың аясы жөніндегі нормалар жаңартылған.
Өзгерістер Үкімет қызметіне де қатысты енгізілген. Министрлер кабинетінің Құрылтай алдындағы жауапкершілігі, есеп беру тәртібі, сенімсіздік вотумы, республикалық бюджетті қалыптастыру және орындау мәселелері нақтыланған.
Конституциялық соттың өкілеттіктері едәуір кеңейтіліп, нақтыланған. Ол конституциялық бақылауды жүзеге асыратын тәуелсіз орган ретінде бекітілген. Атап айтқанда, сотқа халықаралық ұйымдардың шешімдерінің Конституцияға сәйкестігін, оларды ел аумағында орындау бөлігінде қарау құқығы берілген. Конституцияға қайшы деп танылған шешімдер Қазақстан аумағында орындалмайды.
Сот билігіне арналған бөлімде судьялардың тәуелсіздігі қағидаттары күшейтілген. Сондай-ақ сот ісін жүргізу нысандары кеңейтіліп, адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген.
Өзгерістер қалай енгізіледі
Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі жобаның жеке, оныншы бөлімінде қарастырылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Негізгі заңға кез келген түзету тек референдум арқылы ғана қабылдануы тиіс екенін атап өткен еді. Ал бұл ұстаным жоба мәтінінде толық көрініс тапқан.
Осылайша, Конституцияға өзгерістерді парламент арқылы енгізу мүмкіндігі толығымен алып тасталады.
Сонымен қатар референдум өткізу туралы ұсыныс жасау құқығы кеңейтілген. Енді мұндай бастама көтеру құқығы Қазақстанның Халық кеңесіне де беріледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Конституциясы толықтай қайта жазылып, 84% өзгеріс енгізілетінін жазған едік. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталып жатыр. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Алайда кейін Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Конституцияға жекелеген түзетулер енгізу жеткіліксіз және Конституцияны тұтастай өзгертуді ұсынды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





