Тек «What’sApp» желісі арқылы ғана хат алмасқан: Атыраудағы жоғалған отбасы туралы жаңа деректер пайда болды
- авторОймақ
- Бүгін, 13:57
- 19
Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалған отбасының жақындары бауырлары із-түссіз кеткен кезеңде олармен тек «What’sApp» желісі арқылы ғана хат алмасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Өз сарайынан өлі күйінде табылған Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова қайғылы жағдайға қатысты мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, қараша айының басында отбасының Наурыз есімді ұлы әпкесіне отбасында орын алған жанжалдар туралы хабарлама жолдаған. Алайда осы хабарламадан кейін туыстарымен байланыс үзілген. Алаңдаушылық танытқан Әдемі Шылмағамбетова біраз уақыттан соң Наурызға өзі қоңырау шалған. Сол кезде отбасы мүшелерінің ішінде тек Наурыздың ғана телефоны қосулы болғаны белгілі болған.
«Дым қалдырмай уақ малдарын сатып жіберіпті деген соң, мен қайтадан Наурызға хабарластым. «Әй, Наурыз, не істеп жатырсыңдар? Уақ малдарыңды сатып жіберді деп айтып жатыр. Өздері жоқ деп айтады ғой. Қайда кеттіңдер?» дедім. Телефон соқтым ғой. Сосын ол маған былай деп жазды: «Апамды Ташкентке алып кеттік. Емдетуге» деді. Сосын тағы бір айналып, тағы соқтым. «Әй, Наурыз! Ташкентте қайда алып кеттіңдер? Больницада ма? Санаторияда ма? Қайда?» деп едім. «Ағайындарда, таныстың үйінде» деді. Телефонмен сөйлеспейді, «What’sApp»-пен жазады. Телефон соқсам, бірден жауап бермейді. Тағы айналып, тағы соқтым. «Әй, айналайын, не істеп жатырсыңдар?» дедім. «Жоқ. Апам деген массаж алып жатыр. Анализ тапсырып жатыр. Емделіп жатыр» деді. Сосын мен айттым: «Еліңде малың бар. Үйіңде газ жанып тұр. Тәтең мен Мейрамгүлді ауылға жібер. Сен мамаңның қасында бол. Емдет. Апаңның емі қашан бітеді?» дедім. «Желтоқсанның 10-ында ауылға шығамыз», – деді марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы.
Айта кетейік, ерлі-зайыптының өлімінен кейін олардың 33 және 35 жастағы балаларынан әлі хабар жоқ. Ал марқұмдардың күйеу баласы – 29 жастағы Атырау тұрғыны күдікті ретінде іздестіріліп жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін полиция мәйіттері табылған ерлі-зайыптылардың денесінде пышақ іздері болғанын мәлімдеген болатын.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






