Көрнекті актер, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов Qaz365.kz сайтына сұхбат беріп, балалық шағы туралы қимас естеліктерін айтып берді.
"Мен жетім өскен баламын. Шешем өзімнен 20 жас үлкен". Ол кісі небәрі 23 жаста, мен 4 жаста әкем дүниеден озды. Анам оқытып, тәрбиеледі. Соның арқасында осы дәрежеге жеттім. Мен де анамды сыйлап өттім. Алматыға 43 жасында қолыма келді. Сол жылдары өзі қатарлас кемпірлер көп болды. Бәріміз тату-тәтті бақытты өмір сүрдік. Содан 43 жыл өмір сүріп, 86 жасында дүниеден өтті. Өте жақсы адам еді. 100 жасауы керек еді. Жақсы көрген келіні Майраның, екі баласының қазасы ауыр тиді. Екеуінің татулығы сондай менен гөрі келінін жақсы көрді. Майра қайтыс болғанда «періште боп келдің-ау, періште боп кеттің-ау» деп дауыстап жылап жоқтау арнады. Соғыста хат-хабарсыз кеткен күйеуін өмір бақи күтіп, тұрмыс құрмады. Хал үстінде жатқанда есінен біраз танып, дүние салған күйеуі, балаларымен бірге келіп, көзіне көрініпті. Сол кезде апа деп қалдым. Анам бармағын жоғары көтеріп, сені тәрбиелеген үлкен шешең естіп тұрғой дегендей тыйып тастады. Көп өтпей анам да бақилық болды. Мен негізі үлкен шешемнің бауырында тәрбиелендім. Анаммен жеңгем сияқты қалжыңдап әзілдесетінмін. Менің театрдағы қойылымдарымды көретін. Сонда анам «өлетін рөлдерді ойнамашы» дейтін. Мен де «сахнада өлсем, өмірде жасым ұзақ болады» деп жұбататынмын.
Әкелері соғысқа кетіп, тылда еңбек етіп, қазақтың әйелдері балаларын асырап, отанның шырағын сөндірмеді. Аштықта, тоқтықта болды. Жанұяда үшеу едік. Екі қарындасым болды. 1946 жылы елге ауру келіп, балалардың біразы қызылшадан қайтыс болыпты. Дерттен мен ғана аман қалыппын. Содан мектеп жабылды. Осылайша талай нәубет өтті.
Әкем мені бүлдіршін кезімде көтеріп тұрған сәті ғана көз алдымда. Терлеп тұрды. Әскерге кетіп баражатқан кезі шығар. Басқа бейнесі есімде қалмады. Әке тәрбиесін көрмедік. Бәлкім, әкей тірі болғанда шаруашылыққа икемдеп жіберсе, өнер жолын таңдамауым мүмкін еді. Оның інісі өнерге баруыма қарсы болды. Біздің елде әртісті онша қаламайтын. Содан көпке дейін қарсы боп жүрді. Сөйтіп Совет Одағының Халық әртісі деген атақты алғанда барып бірақ хабарласты. Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова алған атамы ма деп сұрап, батасын берді. Шешей әкейді жоқтатпады, жетімдік көрсетпеді. Қандай еді деп құрдастарынан сұрағанда «көңілді адам еді» дейтін. Қалжың қой, әзілкеш адам болған көрінеді. Соғыста бірге боп, тірі келген адам «бір күні окопта жатырмыз, темекіні тұтататын оттық табылмай, шылымды жоғары көтеріп фашистердің оғына тұтатып алайын деп ұстап жатты» дейді. Бұл да бір әкемнің бейнесін, көңілді адам болғанын айшықтайтын эпизод.
Атам пірәдар кісі екен. Ел пірәдар деп атап кетіпті. Есімі Ысқақ. Аппақ киініп жүретін, әулие адам еді. Біздің ауылда бір орыс жоқ, ыңғи қазақ отыратынбыз. КСРО уағында шошқа фирмасын ұйымдастырыпты. Әлгі бір торай қораға кіріп кетіп, оны көріп, құманы жерге құлапты. Мұны көргенше, Жаратқан ие мені ал деп үш жатып тамақ ішпей қайтыс бопты. Әулиелігі сонша, атамның әруағы қолдап, қызыл жолбарыс маған қоныпты. Ол жағын сәуегейлер болжады. Содан туған жерім Жамбыл облысы, Жайылма ауылында атама арнап мешіт салдым. Топырағын ішіне қойып, басына шырақ жағып қойдым. Жылда барған сайын құран оқытып, Құдайы беремін. Мешітке түнеймін. Атама айтқан алғысым сол болды. Бір көріп кел айтты. Мешіт ашқанда атам келіпті, қолына кішкентай баланы жетектеп келіпті. Бір жылдан кейін кенже ұлым 70 жасымда дүниеге келді. Әр сахнаға шыққан сайын сыйынып шығамын. Желеп-жебеп, демеп қойылымды сәтті алып шығады. Құдіретін сеземін.
Дандайсу деген менде жоқ. Қара нанның дәмін білеміз. Жеттім дегені адамның жетпегені. Еңбегіңді халық білгеннен артық баға болмайды. Ең үлкен атақ жұрттың сенімі, жылы көзқарасы. Көрегенім, естігенім көп, соны ала білдім. Жас күнімде қазақтың ұлы режиссері Шәкен Айманов «адамның арқасында қорғасын болуы керек» деді. Соны дұрыс ұқтым. Сол себепті осы күнге таза еңбегіммен жеттім деп ойлаймын. Ұлттық тәрбиенің, адалдықтың арқасында көтерілген болармын. Қазір тәубе жанұям жақсы. Мен 90 жасқа таядым. Өмірді бір адамдай көріп келеміз, өкпе жоқ. Бұйырса, тағы да мәнді-мағыналы ғұмыр кеше берсек дейміз. Жаратқан берген өмірді сүреміз".
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




