дүйсенбі, 20 сәуір, 2026 15:36

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Шахановтың аманаты

Шахановтың аманаты
Фото: әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіде марқұм Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханованың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған өтініш хаты тарады. Ол президенттен ақынның соңғы аманатын орындауды сұрады.

Ханшайым Шаханова өтініш хатының басында ақынның тағдыры мен соңғы аманатына алаңдайтыны туралы айтқан. 

“Мұхтар Шаханов — тек ақын ғана емес, ол ұлттық намыстың символы, қазақ руханиятының асқар шыңы, саналы ғұмырын елінің азаттығы мен ана тілінің мәртебесіне арнаған ірі тұлға. Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты — өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену”, – делінген хатта.

Ақынның отбасы аталғаны нысанның републикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш екенін түсінетінін жеткізіп, жерлеу және мемориалдық белгі орнату жұмыстарының "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заң талаптарына және музей-қорықтың архитектуралық талаптарына сай жүргізілетініне кепілдік берді.

“Осыны ескере отырып, Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Ақынның киелі топырақта жерленуі — бұл тек отбасының өтініші ғана емес, бұл ұлттық рухқа, тарихқа және ұлы тұлғаға көрсетілетін зор құрмет деп білеміз. Осы мәселе бойынша тиісті рұқсаттың берілуіне ықпал етіп, сондай-ақ аталған үдерісті Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Түркістан облысының әкімдігімен үйлестіруге тапсырма беруіңізді өтінемін. Бұл — тек Шаханов отбасының ғана емес, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің ортақ тілегі”, – деп жазылған өтініш хатта.

Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Айта кетейік, былтыр қарашада ақынның ұлы Қуаныш Мұхтарұлы дүниеден озды. Ал 2021 жылы Мұхтар Шахановтың тағы бір ұлы Рауан Шаханов өмірден өткен еді. Осы қайғылы қазадан кейін халық жазушысы бірнеше рет сырқаттанып, денсаулығы сыр бергені айтылған еді. 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар