
23 қыркүйекте Павлодар мен Астана арасындағы тас жолда болған көлік апатынан "Жеңіс" футбол клубының 19 жастағы ойыншысы Виктория Кайсаринова қаза тапты. Алдын ала тергеу мәліметтеріне сәйкес, көлікті тізгіндеген жүргізуші жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, қашықтықты дұрыс бағдарламаған. Салдарынан жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, оқиға қайғылы аяқталды.
12 қазанда “Ақтөбе” футбол клубының 16 жасқа дейінгі командасында ойнаған Арон Муса кенеттен қайтыс болды. Қайғылы оқиға кезінде оның әжесі мен ағасы да өмірден өтті. Болжам бойынша, өлімнің себебі – көмірқышқыл газынан улану салдары.
Ал 16 қазанда, Бірінші лига турнирінде "Хан-Тәңірі" мен "Екібастұз" арасындағы матчта 19 жастағы шабуылшы Диас Төлеу ойын кезінде есінен танып, алаңда көз жұмды. Дәрігерлер дереу көмек көрсеткенімен, футболшыны аман алып қалу мүмкін болмады.
Қысқа уақытта болған бұл үш қайғылы жағдай Қазақстан футболына ауыр соққы болды. Футбол федерациясы мен спорт ұйымдары марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.