
33 жастағы Дмитрий Седов пышақ жарақатынан көз жұмған. Тергеу мәліметінше, оған жарақатты әйелі салған. Сараптама әйелдің аффект жағдайында әрекет еткенін көрсетті. Кейін ол амнистияға ілігіп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Марқұмның ағасы Сергей Гавриловтың айтуынша, қылмыстық істегі деректер бір-біріне қайшы.
"Аффект жағдайында адам ештеңе есінде сақтамауы керек қой. Ал ол бәрін минутына дейін айтып берді. Қалай пышақты алғанын, қалай оған қарай ұстағанын, қалай алғаш рет салғанын, Диманың қалай шегініп, теңселіп құлағанын. Барлығын егжей-тегжейлі баяндады. Істе бір ғана жарақат делінген. Бірақ оның екеуі болған. Тағы біреуі арт жағынан, өкпесіне кеткен", – дейді ол.
Марқұмның анасы Ирина Гаврилова да келінінің алғашқы кезде жалған нұсқа ұсынғанын айтады. Оның сөзінше, келіні ұлын өзге адамдар өлтіргенін хабарлаған. Бірақ марқұмды туыстары көрген кезде денесінде бірнеше жарақат болған.
Седовтың жақындары қайта сараптама жүргізуді талап етуде. Олар құжаттардың Астанаға емес, Оралға жіберілгеніне күмән келтіреді.
"Қылмыс 20:10-да болған, ал аффект жағдайы 20:37 деп көрсетілген. Жедел жәрдем 20:39-да шақырылған. Уақыт сәйкеспейді", – дейді Сергей Гаврилов.
Полиция істің қайта тергеліп жатқанын растады. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ерболат Саркуловтың мәліметінше, қосымша сараптамалар тағайындалып, кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Дмитрий Седов небәрі 33 жасында қаза тапты. Оның некесі екі жылға ғана созылған. Қайғылы оқиғаға бес ай болды. Туыстары істің сотқа жетіп, кінәлілердің жазаланатынына үміт артып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.