Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Шотландияның атақты «Селтигімен» ойнады.
Кездесу Глазгодағы әйгілі «Селтик Парк» аренасында өтті. Ойынға норвегиялық төреші Эспен Эскос бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Сарапшылар да, букмекерлер де, тіпті жасанды интеллект те басты фаворит ретінде алаң иелерін атаған еді.
Бастапқы құрамдар мынадай болды:
«Селтик»: Шмейхель, Джонстон, Скейлз, Нюгрен, Айда, Картер-Викерс, Маэда, Хататэ, Макгрегор, Форрест, Тирни;
«Қайрат»: Заруцкий, Глэйзер, Мартынович, Сорокин, Мрынский, Арад, Громыко, Тапалов, Эдмилсон, Жоржиньо, Сәтпаев.
Алғашқы тайм тең дәрежеде өтті, алайда қонақтар көбірек қауіп төндірді. Александр Мартынович те гол соққан, бірақ төреші оны офсайд деп, есепке алмады. Екінші тайм басталғанда «Селтик» шабуылды үдетіп, Джеймс Форрест бағанадан бір-ақ шықты. Қысым күшейгенімен, шотландиялықтардың әрекеті нәтижесіз болды. Ал қақпашы Александр Заруцкий жарақат алып, орнына алаңға Темірлан Анарбеков шықты. Жас голкипер сенімді ойнап, матч 0:0 есебімен аяқталды.
Қарымта кездесу 26 тамызда Алматыда өтеді.
«Селтик» (Глазго, Шотландия) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 0:0.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.