сәрсенбі, 18 маусым, 2025 20:20

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мәжіліс депутаты республикалық бюджеттің орындалуын қатаң сынға алды

Мәжіліс депутаты республикалық бюджеттің орындалуын қатаң сынға алды
сурет: parlam.kz
Ол бұл туралы бүгінгі Мәжіліс отырысында айтты.

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев республикалық бюджеттің орындалуын сынға алды. Оның айтуынша, қазіргі қаржы саясаты ел экономикасына қауіп төндіретін әдеттердің пайда болуына әсер етіп отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Ең басты мәселе ретінде Бейсенбаев Ұлттық қордан бөлініп жатқан триллиондарды атады. Оның айтуынша, былтыр 5,6 трлн теңге алынған болса, биыл тағы 5,3 трлн теңге жұмсалмақ.

«Яғни, 2024 жылы бюджеттің 25 проценті, 2025 жылы тағы 23 проценті Ұлттық қордан толтырылады. Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды. Қынжылтатыны – осы», – деді депутат.

Бюджет тапшылығын жапқанымен, бұл шығындар алдағы уақытта әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттердің тоқтауына немесе басқа салаларға ауыр соққы әкелуі мүмкін екенін де ескертті. Оның пікірінше, бұл – аксиомаға айналған шындық.

Екінші мәселе – азық-түлік бағасының күрт өсуі. Елнұр Бейсенбаев ресми мәліметтер мен шындықтың арасындағы алшақтыққа назар аударды.

«Жылда Үкімет оның небәрі 7-8 пайызға қымбаттағанын айтады. Ал шынтуайтында биыл бір ғана картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, 500 теңге болды. Яғни 150 пайызға күрт көтерілген. Министрліктің бағасын реттейміз деген мәлімдесі орындалмады. Дәл қазір Магнумдағы картоптың бағасы – 550 теңгеден сатылуда», – деп нақты мысал келтірді ол.

Сондай-ақ, бұрын 1,5 мың теңгеден асқан қызанақ пен қияр бағасына таңданатын халықтың қазір бағаға көндігіп кеткенін де еске салды.

Жалақы мәселесіне келгенде депутат Үкіметтің ресми статистикасына күмән келтірді.

«Үкіметтің мәлімдеуінше, дәл қазір елімізде орташа жалақы – 423 мың теңгені, яғни 830 долларды құрайды деген мәлімдемесі ешқандай сенім ұялата алмайды», – деді ол.

Бейсенбаевтың айтуынша, 3 миллион қазақстандық бар болғаны 200 мың теңге жалақы алады, ал 1,8 миллион адам ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге өмір сүріп жатыр.

«Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?! Меніңше, бұл санның арифметикасын Үкімет былай есептейтін сияқты. Мысалы, Асан 1 миллион теңге жалақы алса, ал Үсен мен Есен 100 мың теңгеден алады. Сонда үшеуіне шаққанда орташа жалақы 400 мың теңгені құрайды», – деді ол.

15 жылдан бері өзгермейтін ресми жұмыссыздық көрсеткіші – 5 пайыз. Бірақ Бейсенбаевтың пайымынша, бұл – нақты көріністі жасыратын цифр.

«Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыс істеп жүр. Қалғандары қайда?!» – деп сұрақ қойды ол.

Оның айтуынша, пандемия кезінде 42 500 теңге көлемінде көмек алған 4,5 миллион адам әлі күнге дейін тұрақты жұмыспен қамтылмаған.

Елнұр Бейсенбаев бюджеттің құрылымы мен ел экономикасының шынайы бейнесін былай сипаттады:

«Жалпы салықтық түсім – 13,5 трлн. теңге болса, ал шығысымыз – 25,7 трлн. Яғни біз жыл сайын тапқан табыстан шамамен екі есеге артық жаратамыз».

Бұған қоса, халықтың банктерге қарызы да алаңдатарлық. 25 трлн теңге – бұл мемлекеттің бүкіл бюджетімен пара-пар сома.

«Яғни біз қарызға өмір сүріп жатырмыз деген сөз», – дейді депутат.

Еліміздегі табыс теңсіздігі ауыл мен қала арасындағы алшақтықтан да байқалады.

«85 мың теңге жалақы алатындардың 1,2 миллионы – ауыл тұрғындары», – деді Бейсенбаев.

Оның айтуынша, 200-ден астам ауылда емдеу мекемесі мүлдем жоқ. Ал бар медициналық мекемелердің 55 пайызы ескірген. Жедел жәрдем көліктерінің 80 пайызы – жүруге жарамсыз. Сонымен бірге 858 ауылда кең жолақты интернет те жоқ.

Ресейше айтқанда, «бюджеттік тәртіптің» тағы бір көрінісі – министрліктердің игермей қалған миллиардтары.

Бейсенбаев атап өткендей, Еңбек министрлігінің бюджеті 96 млрд теңгеге қысқарған. Бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақыны 20 пайызға арттыруға немесе 100 мың ерекше баланы қамтитын оңалту орталықтарын салуға жұмсалуы мүмкін еді.

Сол секілді, Ғылым және жоғары білім министрлігі де 52 млрд теңгеден бас тартқан. Депутаттың сөзінше, бұл қаражат нақты ғылымға бағытталуы керек еді. Алайда бұл уәде орындалмаған.

«Бұл – жылдық бюджеті бар бір ведомствомен тең қаражат. Бұл жағдай – сапасыз болжамдардың салдары», – деді ол.

Кейінгі үш жылда баспана кезегінде тұрғандар саны 400 мыңнан 720 мыңға жеткен. Яғни жыл сайын 100 мыңнан астам отбасы қосылып отыр.

Мемлекеттік қарыз да күрт өскен.

«Ол қазіргі таңда 32 трлн теңгеге жетіп, бюджет көлемінен 6,2 трлн теңгеге артық. Ал оны жыл сайын өтеуге 2 трлн теңге жұмсалады. Бірақ бұл сома негізгі борышты азайтпайды», – деді фракция жетекшісі. «Көрсеткіштер мен бюджеттің теріс сальдосы елде «жеткіліктілік иллюзиясын» қалыптастырып отыр», – деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 20 өңірдің 17-сі дотациялық жағдайда отыр.

«Тіпті мұнайлы өңір Маңғыстаудың өзі қазір дотацияға мәжбүр», – деді ол.

Фракция жетекшісі «Ауыл – Ел бесігі» секілді ұлттық жобалардың да толық орындалмай жатқанын сынға алды.

«Есепті жыл ішінде жобалардың 49,2% ғана аяқталған. Яғни оның жартысынан көбі, 463 жоба аяқталмаған. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» аясында 176 жоба толық бітпеген», – деді ол.

Ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында байқалған.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар