Төреғали мен экс депутат жарнамалаған: үлескерлер қаражатын ала алмай жүр
- авторОймақ
- Бүгін, 09:48
- 71
Алматыда атышулы MAX BET PV 2 компаниясына ақша салған үлескерлер тағы да бас көтерді. Тұрғын үй аламыз деп үміттенген 300-ге жуық адам төрт жылдан бері салған қаражатын қайтара алмай келеді. Сот бес адамды кінәлі деп танып, әрқайсысына 6 жыл 8 айдан жаза тағайындаған. Алайда жәбірленушілерге келтірілген 3 миллиард теңгеден астам шығын әлі толық өтелмеген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Үлескерлердің айтуынша, сот кінәлілерден келтірілген шығынды өндіру туралы шешім шығарғанымен, сотталғандардың атына тіркелген мүлік табылмаған. Соның салдарынан жәбірленушілер өз ақшасын қайтара алмай отыр.
Үлескер Нұржамал Байсақалова алаяқтыққа қатысы бар адамдардың мүлкі мен отбасының тұрмыс жағдайына қатысты сұрақтар көп екенін айтады. Оның сөзінше, қарапайым азаматтар баспана алу үшін жинаған қаржысынан айырылып, әлі күнге дейін әділдік іздеп жүр.
«Мені таңғалдыратыны – бұл қоғамның дерті. Бір алаяқ шығады, оның атында ештеңе болмайды. Тіпті ажырасқан болуы мүмкін. Бірақ отбасы шетелде емін-еркін өмір сүріп жүр. Біз оларды танимыз. Ал Ашиновтың жері бар. Мәселен, Мәдениет ықшам ауданында оның жеті жер телімі бар екен. Қарапайым халықтың өзінде бір метр жер жоқ», – дейді Нұржамал Байсақалова.
Алданған азаматтар компанияны жарнамалаған танымал тұлғалардың да жауапкершілігін қарауды талап етіп отыр. Үлескерлердің айтуынша, халықты жобаға инвестиция салуға шақырғандардың қатарында экс-депутат Дәулет Мұқаев, әнші Төреғали Төреәлі және әзілкеш Нұрболхан Шарапов болған.
Сонымен қатар жәбірленушілер компанияның тек басшылары ғана емес, сатушы менеджерлері, бухгалтерлері, кассирлері және құрылысқа бөлінген жерге қатысы бар тұлғалардың да әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды.
«Басшылардан бөлек, сатушы менеджерлері, бухгалтерлері, жер иелері, кассирлері де бар. Тұрғын үй кешенін саламыз деген жер иесі – Ашинов. Дәулет Мұқаев, Төреғали Төреәлі, Нұрболхан Шарапов жарнама жасап, үлескерлерді шақырған. Біз осы іске қатысы бар адамдардың барлығы жауапқа тартылғанын қалаймыз», – дейді үлескер Гүлнұр Садықова.
Мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімдігі арнайы комиссия құрған. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың қаражатын қайтару мақсатында инвесторлар тартылған. Әзірге 12 үлескер ақшасын қайтарып алған.
Алматы қаласы Құрылыс саласында бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаевтың айтуынша, әкімдік инвестормен бірлесіп, халықтың салған қаражатын қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«MAX BET PV 2 компаниясы халықты алдап кеткен. Заң бойынша және сот шешіміне сәйкес, қаражатты сол компаниядан өндіру керек. Алайда біз мұнымен шектеліп отырған жоқпыз. Қала әкімдігі арнайы комиссия құрды, инвестор табылды. Енді азаматтардың салған ақшасын қайтару туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта инвестор жұмыс істеп жатыр», – деді Олжас Төлебаев.
Дегенмен 3 миллиард теңгеден астам шығынның қашан толық өтелетіні әзірге белгісіз. Ал баспана аламыз деп бар қаражатын салған жүздеген азамат үшін мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




