дүйсенбі, 3 тамыз, 2026 17:04

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстанға жолбарыс қайта оралды: 70 жылдан кейін алғашқы жыртқыш табиғи мекеніне жіберілді

Қазақстанға жолбарыс қайта оралды: 70 жылдан кейін алғашқы жыртқыш табиғи мекеніне жіберілді
Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстанда табиғат тарихындағы ерекше оқиға тіркелді. 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жолбарыс тарихи мекендеу ареалына қайта жіберілді. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында Амур жолбарысының Үміт атты аналығы табиғи ортаға жіберіліп, елдегі жолбарыс популяциясын қалпына келтірудің жаңа кезеңі басталды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бұл – Қазақстанда жойылып кеткен жолбарысты тарихи мекеніне қайтару бағдарламасының алғашқы практикалық нәтижесі. Жоба Қазақстан, Ресей және халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының көпжылдық бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асып отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл күнді елдің табиғатты қорғау тарихындағы маңызды белес деп бағалады. Оның айтуынша, жолбарыстың тарихи мекеніне қайта оралуы – ондаған жылға созылған ғылыми зерттеулер мен экожүйені қалпына келтіру жұмыстарының нақты нәтижесі.

Жолбарыстың дәл осы Іле-Балқаш аумағына жіберілуі кездейсоқ емес. Өткен ғасырдың ортасына дейін бұл өңірде Тұран жолбарысы мекендеген. Алайда тоғайлы ормандардың қысқаруы, тұяқты жануарлар санының азаюы және браконьерлік салдарынан жыртқыш Қазақстан аумағынан толықтай жойылып кеткен еді.

Үміт табиғи ортаға жіберілер алдында кешенді ветеринариялық тексеруден өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық қабілетін, мінез-құлқын және адамға реакциясын жан-жақты бағалап, өз бетінше өмір сүруге дайын деген қорытынды шығарды.

Қазір жолбарысқа тағылған GPS/GSM спутниктік қарғыбау, фототұзақтар және басқа да бақылау жүйелері арқылы оның қозғалысы тәулік бойы бақыланып отыр. Сарапшылар жаңа ортаға бейімделу процесін нақты уақыт режимінде бақылауда ұстайды.

Жолбарысты тарихи мекеніне қайтаруға дайындық он жылдан астам уақытқа созылды. Осы кезеңде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, қоректік база күшейтілді, жабайы тұяқты жануарлардың саны көбейтілді, арнайы бейімдеу вольерлері мен қажетті инфрақұрылым салынды.

Биыл мамыр айында Қазақстанға Ресейден төрт Амур жолбарысы жеткізілген болатын. Оның екеуі – ересек, екеуі – 6–7 айлық күшіктер. Алғаш болып табиғатқа Үміт жіберілді. Қалған ересек аталық жолбарыс пен екі жас жолбарыс мамандардың бақылауында қалып, барлық сынақтан өткеннен кейін ғана табиғи ортаға жіберіледі.

Мамандардың айтуынша, жолбарыстың қайта оралуы бір ғана сирек кездесетін жануар түрін сақтау емес. Бұл – Іле өзені мен Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге бағытталған ауқымды экологиялық жобаның маңызды кезеңі. Бағдарламаның түпкі мақсаты – Қазақстан аумағында жолбарыстың тұрақты популяциясын қалыптастыру.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар