Желідегі "мінсіз өмір" өзгелердің өмірін құртады - Бақытжан Бұхарбай
- авторОймақ
- Бүгін, 17:01
- 12
Қытайда блогерлердің сән-салтанатты өмірін көрсетуіне заңнамалық тұрғыда шектеу қою – отбасы институтын қорғау үшін қажетті әрі дұрыс шешім. Жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұхарбай мұны оң шешім деп есептейді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Оның пікірінше, қазіргі блогосферада шынайы өмірге сәйкес келмейтін, жасанды сән-салтанатты насихаттайтын контент кең таралған. Блогерлер қымбат сыйлықтар, зергерлік бұйымдар мен танымал брендтерді көрсетіп, көпшілікке ауқатты өмір салтын үлгі ретінде ұсынады. Алайда саясаттанушы мұндай контенттің артында кей жағдайда қымбат заттарды уақытша жалға алу немесе арнайы қойылым болуы мүмкін екенін атап өтті.
Бақытжан Бұхарбайдың айтуынша, әлеуметтік желідегі жалған «мінсіз өмір» бейнесі адамдардың өз тұрмысын өзгелермен салыстыруына итермелейді. Бұл өз кезегінде азаматтардың психологиялық жағдайына кері әсер етіп, отбасылық қарым-қатынасқа да сызат түсіруі мүмкін.
Саясаттанушының пікірінше, қоғамда шамадан тыс тұтыну мен көрсетілімге құрылған байлықты насихаттауға жол бермеу қажет. Ол әлеуметтік желілердегі контенттің адам психологиясы мен отбасылық құндылықтарға ықпалын ескере отырып, демонстративті сән-салтанатты насихаттауға қатысты заңнамалық және қоғамдық тетіктерді күшейтуді ұсынды.
Бақытжан Бұхарбайдың пікірінше, қоғамның тұрақты дамуы үшін шынайы құндылықтарды дәріптеу, тұтынушылық бәсекені азайту және азаматтардың психологиялық саулығын қорғау маңызды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






