дүйсенбі, 13 сәуір, 2026 16:10

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Зейнетақы ақшасы баспананы қымбаттатты ма: алты жылда баға 3 есе өскен

Зейнетақы ақшасы баспананы қымбаттатты ма: алты жылда баға 3 есе өскен
Freepick
Қазақстанда соңғы алты жылда тұрғын үй бағасы күрт қымбаттады.

Әсіресе қайталама нарықтағы пәтерлердің құны теңгемен үш есеге жуық өссе, жалға алу бағасы да айтарлықтай көтерілген, деп хабарлайды Qara_aqqu телеграм арнасына сілтеме жасап Oimaqnews.kz. Сарапшылар бұл өзгерісті ең алдымен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспанаға жұмсауға рұқсат берілуімен байланыстырады.

Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы баға өсімі соңғы жылдары ең өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің біріне айналды. Экономист, Qara_aqqu телеграм арнасының негізін қалаушы Әнел Дәулетқалиева келтірген деректерге сәйкес, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы алты жыл ішінде теңгемен үш есеге, ал доллармен 2,6 есеге өскен.

Сарапшының айтуынша, негізгі себептердің бірі – зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тетігі.
«Бағаның күрт өсуіне ең алдымен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану бағдарламасы әсер етті», – дейді ол.

Осы бағдарлама іске қосылғалы бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (ЕНПФ) нарыққа 4,634 трлн теңге шығарылған. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қордағы жинақ көлемі 25,214 трлн теңгеге жеткен. Сарапшы есебінше, елдегі тұрғын үй қорының әр шаршы метріне шаққанда шамамен 10 360 теңге көлемінде зейнетақы қаражаты түскен.

Баға өсіміне мемлекеттік бағдарламалар да белгілі бір деңгейде ықпал еткен. Дегенмен динамика барлық сегментте бірдей емес. Мәселен, бастапқы нарықтағы жаңа тұрғын үй бағасы осы кезеңде теңгемен 2,1 есеге, доллармен 1,7 есеге ғана артқан.

Ал жалға беру нарығында өсім тіпті айқын байқалады. 2020 жылдың наурызында бір шаршы метрді жалға алу құны орта есеппен 1561 теңге (шамамен 3,8 доллар) болса, 2026 жылдың наурызында бұл көрсеткіш 4991 теңгеге (10,2 доллар) дейін көтерілген.

Нақты сандарға қарасақ, жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 2020 жылы 297 170 теңге болса, 2026 жылы 612 315 теңгеге жеткен. Ал қайталама нарықтағы пәтерлер 206 072 теңгеден 624 495 теңгеге дейін қымбаттаған.

Бұл деректер тұрғын үй нарығында сұраныстың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, нарыққа үлкен көлемде «жеңіл ақша» түскен кезде бағаның өсуі – табиғи құбылыс. Алайда бұл үрдіс баспананың қолжетімділігіне кері әсер етіп, әсіресе зейнетақы жинағы жоқ немесе жеткіліксіз азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін одан әрі күрделендіріп отыр.

Сондықтан алдағы кезеңде тұрғын үй саясаты тек сұранысты ынталандыруға емес, ұсынысты арттыруға да бағытталуы тиіс деген пікірлер жиі айтыла бастады.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар