Мәслихат депутаттарын сайлауда сайлаушылардың жартысына жуығы дауыс берді
- авторОймақ
- Бүгін, 17:57
- 29
Қазақстанның сайлау учаскелерінде таңертеңнен бері дауыс беру белсенді өтіп жатыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Еліміздің әр өңірінде азаматтар сайлауға отбасымен, әріптестерімен, балаларымен және немерелерімен бірге келуде. Түстен кейін де сайлаушылар легі толастар емес.
Көптеген сайлау учаскесінде мерекелік атмосфера қалыптасқан. Сайлаушыларды дәстүрлі шашумен қарсы алып, бауырсақтан дәм татқызуда. Ұлттық музыка мен әндер шырқалып, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатыр.
Мәслихат депутаттарын сайлауда алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған жастардан бастап, еңбек ардагерлеріне дейінгі түрлі буын мен кәсіп өкілдері дауыс беруде. Сайлау учаскелеріне еңбек әулеттерінің өкілдері, өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері, педагогтер, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері келуде. Өңірлерде тұрғындар туыстарымен және көршілерімен бірге дауыс беруге қатысып жатыр.
Сайлаушылардың келуі туралы ОСК деректері
Қазақстандықтардың жоғары белсенділігі туралы Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері де көрсетіп отыр. Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 45,46 пайызы бюллетень алған.
Сайлаушылардың ең жоғары қатысу көрсеткіші мына өңірлерде тіркелді:
● Жетісу облысы – 58,35%;
● Түркістан облысы – 56,91%;
● Қызылорда облысы – 56,38%;
● Шығыс Қазақстан облысы – 54,46%;
● Ақтөбе облысы – 54,17%;
● Абай облысы – 51,82%;
● Алматы облысы – 51,36%.
Қалған өңірлердегі дауыс беру көрсеткіштері төмендегідей:
● Ақмола облысы – 49,14%;
● Жамбыл облысы – 48,05%;
● Маңғыстау облысы – 47,51%;
● Павлодар облысы – 46,83%;
● Атырау облысы – 46,71%;
● Қостанай облысы – 46,21%;
● Батыс Қазақстан облысы – 46,12%;
● Қарағанды облысы – 44,76%;
● Солтүстік Қазақстан облысы – 43,74%;
● Ұлытау облысы – 43,63%;
● Астана қаласы – 33,27%;
● Шымкент қаласы – 32,74%;
● Алматы қаласы – 25,72%.
Бүгінгі сайлаудың маңызы неде?
Бүгін қазақстандықтар қалалар, аудандар мен облыстар тұрғындарының мүддесін қорғайтын депутаттарды таңдап жатыр.
Мәслихаттар азаматтар күнделікті өмірде кездесетін көптеген маңызды мәселе бойынша шешім қабылдайды. Депутаттар жергілікті бюджеттер мен аумақтарды дамыту бағдарламаларын бекітіп, олардың орындалуын бақылайды.
Еске салайық, бүгінгі сайлау барысында еліміздің 228 мәслихатына 3 447 депутат сайлануы тиіс.
Дауыс беру жалғасып жатыр. Сайлау учаскелерінің басым бөлігі азаматтарды сағат 20:00-ге дейін қабылдайды. Одан кейін сайлаукомиссиялары дауыстарды санауға кіріседі.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




