жұма, 27 қараша, 2026 13:43

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

«Атырау хакері» алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды

«Атырау хакері» алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды
polisia.kz
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Атырау қаласының №2 соты әлеуметтік желіде «Атырау хакері» деген атпен танылған 32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаевты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Сот үкімі 26 қарашада жарияланды. Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы 2022, 2024 және 2025 жылдары 12 адамды алдап, оларға жалпы сомасы 13 361 000 теңге көлемінде залал келтірген.

Сот материалдарына сәйкес, Жаңбырбаев азаматтарға IT курстарын ұйымдастыруға, әлеуметтік желідегі бұғатталған аккаунттарды ашуға, Jetu такси қосымшасына салынған инвестицияны еселеуге және интернет-алаяқтарға аударылған қаражатты қайтаруға уәде берген. Алайда ол уәделерін орындамай, алған ақшаны иемденген.

Сот процесі барысында Жаңбырбаев бастапқыда өз кінәсін мойындамай, қарыздың пайда болуын бизнес-жобасындағы қаржылық қиындықтармен түсіндірген.

Үкім шығару кезінде сот оның бес жас баласы бар екенін, бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін және келтірілген залалды ішінара өтегенін ескерді. Жәбірленушілерге 10 392 000 теңге қайтарылған.

Сот бастапқыда оған 4 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда рақымшылық туралы заңның қолданылуына байланысты жаза мерзімі төрттен бірге қысқартылып, 3 жыл 6 ай болып белгіленді.

«Атырау хакері» несімен танымал?

Нұрлан Жаңбырбаев Атырау облысы Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында төрт адамнан тұратын отбасының жоғалып кетуіне қатысты әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбалары арқылы көпшілікке танылған.

Ол аталған оқиға бойынша өз бетінше тергеу жүргізгенін мәлімдеген. Алайда кейін полиция оның таратқан мәліметтері шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.

2026 жылдың қаңтарында Жаңбырбаев Түркияда ұсталып, жазда Қазақстанға жеткізілді.

Алаяқтыққа қатысты қылмыстық істің отбасы мүшелерінің өліміне қатысты тергеуге байланысы жоқ.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар