бейсенбі, 12 қараша, 2026 15:09

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ерлан Қарин Президенттің қазақ тілі туралы айтқан маңызды бастамалары туралы айтты

Ерлан Қарин Президенттің қазақ тілі туралы айтқан маңызды бастамалары туралы айтты
Ақорда
Қазақ тілінің емле ережелері мен сөздіктері жаңартылады

ҚР Вице-Президенті Ерлан Қарин Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бес маңызды мәселеге назар аударды. Ол мемлекеттік тілдің болашағы, емле ережелерін жетілдіру, қазақ тілінің ғылым мен технология саласындағы қолданысын кеңейту, қоғам бірлігін нығайту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Ерлан Қариннің айтуынша, Құрылтай мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне арналған кейінгі жылдардағы ең ауқымды жиындардың бірі болды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кешегі құрылтайы мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне арналған соңғы жылдардағы ең үлкен жиын болды. Ауқымы жағынан да, мазмұн тұрғысынан да айрықша басқосу деп сенімді түрде айтуға болады. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы қатысуы құрылтайдың деңгейін одан әрі арттырғаны да анық», – деп жазды ол.

Қазақ тілінің болашағына сеніммен қарау қажет

Вице-Президент ең алдымен Мемлекет басшысының қазақ тілінің келешегіне қатысты айтқан сөздеріне тоқталды. Оның пікірінше, мемлекеттік тілдің болашағына күмәнмен қарау қоғамдағы оң өзгерістерге кедергі келтіруі мүмкін.

«Президент мемлекеттің де, мемлекеттік тілдің де болашағына ең алдымен сеніммен қарауға шақырды. Мысалы, «Қазақ тілі құрып бара жатыр» деп дабыл қағып, байбалам салудың қажеті жоқ екенін ескертті. Керісінше, мұндай сарындағы әңгімелер жалпы үдеріске кедергі келтіреді. Оның үстіне Президент «Қазақ Елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді» деп қадап айтты», – деді Ерлан Қарин.

Ол тіл мәселесінде сындарлы көзқарас ұстанып, елдің де, мемлекеттік тілдің де болашағына сеніммен қарау маңызды екенін атап өтті.

Қазақ тілінің емле ережелері мен сөздіктері жаңартылады

Екінші маңызды мәселе – қазақ тілінің нормаларын жетілдіру. Президент осы бағытта ауқымды реформа жүргізуді тапсырған.

«Тілге қатысты емлені түзетпей, ережені ескермей, нормаларды біріздендірмей, басқа мәселелерді шешу мүмкін емес. Сол себепті, Президент тапсырмасымен қазақ тілінің емле-ережесі мен сөздіктері жаңартылып, жетілдіріліп, мемлекеттік деңгейде бекітілетін болады», – деп жазды Вице-Президент.

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл мәселе ғалымдар мен қаламгерлер тарапынан бұрыннан көтеріліп келеді. Енді тіл мамандарының алдында емле ережелері мен сөздіктерді біріздендіру міндеті тұр.

Қазақ тілі ғылым мен жасанды интеллект тіліне айналуға тиіс

Вице-Президент атап өткен үшінші мәселе – қазақ тілінің ғылым, өндіріс, технология және инновация салаларындағы қолданысын кеңейту.

Оның пікірінше, болашақта кез келген тілдің әлеуеті цифрлық ресурстарының көлемі мен сапасына байланысты болмақ.

«Ол үшін сол тілдегі ғылыми, мәдени, технологиялық контентті барынша цифрлық форматқа көшіру қажет. Сонда қазақ тілі жасанды интеллект жүйесінде де, басқа бағытта да ескерілетін болады. Иә, кітап, газет шығару маңызды. Дегенмен, цифрлық күн тәртібі алдымызға басқа да өзекті міндеттерді қойып отыр», – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік тіл қоғамды біріктіруге тиіс

Төртінші мәселе ел бірлігі мен қоғам тұтастығына қатысты. Ерлан Қарин Президенттің бір тілді екінші тілге қарсы қоюға болмайтыны жөніндегі ұстанымына назар аударды.

«Өз тұтастығын сақтай алмаған ұлт ауқымды ынтымақтың да ұйытқысы бола алмайды. Сол секілді, бір тілді басқа тілге қарсы қою да – біздің жолымыз емес. Керісінше, мемлекеттік тіл – ынтымақтың, бірліктің, тұтастықтың тілі болып қалуға тиіс. Сонда тілдің де, елдің де мерейі артады», – деп атап өтті ол.

«Құрылыс және тағы да құрылыс» жалпыұлттық ұранға айналуға тиіс

Бесінші мәселе – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Ерлан Қарин Президенттің құрылтайда аталған бағдарламаның маңызына арнайы тоқталғанын жеткізді.

Бағдарлама аясында елімізде балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт нысандары, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар мен әуежайлар салу көзделіп отыр.

«Шынында да, бір мезетте мұндай ауқымды құрылыс ел тарихында алғаш рет жүзеге асырылмақ. Сондықтан, Президенттің биылғы Жолдауда айтқан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөзі жалпыұлттық ұранға айналуға тиіс. Бүкіл әлем қазір аумалы-төкпелі кезеңді бастан өткеріп жатқанда, Қазақстан нақты мақсат үшін жасампаздыққа жұмылуда», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар