Мәслихат сайлауы: Тоқаев премьер-министр және Құрылтай төрағасымен консультация өткізді
- авторОймақ
- Бүгін, 14:41
- 19
Тоқаев мәслихаттардың азаматтар мүддесін қорғау, жергілікті бюджетті бекіту және өңірлердің дамуын бақылауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
“Президент депутаттық корпусты жаңарту жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтетініне сенім білдірді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына сәйкес жүргізілген консультациялар барысында премьер-министр Олжас Бектенов пен Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай қарастырылып отырған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Кездесу соңында Президент Конституция талаптары мен айтылған ұсыныстарды ескере отырып, түпкілікті шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
24 қыркүйекте Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев елде уақыт талабына сай мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі өзгеріп жатқанын атап өтті. Сол кезде Президент реформалардың соңғы кезеңі барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауымен аяқталатынын мәлімдеді.
"Қолданыстағы жергілікті өкілді органдардың депутаттары Конституция мен заңдарда көзделген негіздер бойынша өкілеттігі тоқтатылғанға дейін қызметін жалғастырады. Мәслихат депутаттарының басым бөлігі Amanat партиясынан сайланған. Қазіргі уақытта бұл партия дербес жұмыс істемейді, өйткені “Әділет” партиясына қосылды", – деген еді президент.
Мемлекет басшысы заңдық рәсімдер жақын арада аяқталатынын еске салды.
"Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби депутаттар корпусын қалыптастыруға жол ашып, олардың жұмысына жаңа серпін береді. Сіздер де осы сайлаудың жоғары деңгейде әрі сапалы өтуіне елеулі үлес қосасыздар деп сенемін", – деп қосты ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы сайлаудың күнін Орталық сайлау комиссиясы белгілеуі керек.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






