бейсенбі, 8 қазан, 2026 14:09

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Шардара су қоймасына 10 млрд текше метр су келеді - министрлік

Шардара су қоймасына 10 млрд текше метр су келеді - министрлік
Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Орталық Азия елдері 2026–2027 жылдардағы вегетацияаралық кезеңде Шардара су қоймасына келетін су көлемінің болжамын келісті.

Алдағы кезеңде су қоймасына шамамен 10 млрд текше метр су түсуі күтіледі, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап Қазақпарат.

Түрікменстанның Түрікменбашы қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 95-отырысы өтті.

Жиынға Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Энергетика және су ресурстары министрлігінің Су-энергетикалық саясат бас басқармасының бастығы Далер Абдухалок, Түрікменстан Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев және Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты.

Тараптар Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі 2026 жылғы вегетация кезеңінің қорытындысын шығарып, 2026–2027 жылдардағы вегетацияаралық кезеңге арналған су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдерінің болжамын бекітті.

Министрліктің мәліметінше, биыл Сырдария өзені бассейніндегі вегетация кезеңі тұрақты өтті. Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына шамамен 3,69 млрд текше метр су келіп түскен. Бұл болжанған көлемнен 840 млн текше метрге артық.

Ал 2026–2027 жылдардағы вегетацияаралық кезеңде су қоймасына келетін су көлемі шамамен 10 млрд текше метр болады деп күтіліп отыр.

Жиында су ресурстарын есепке алу және мониторинг жүргізу жүйесін жетілдіру мәселесі де қаралды. Тараптар Сырдария бассейнінде суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарының жобасын әзірлейтін жұмыс тобының отырысын өткізуге келісті.

Сонымен қатар Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммиттерінде қабылданған міндеттердің орындалу барысы талқыланды.

Бұдан кейін Әмудария мен Сырдария өзендерінің су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің жоғары деңгейдегі кездесуі ұйымдастырылды.

Оған Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдерімен қатар, Қырғызстанның Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Азизбек Мадмаров қатысты.

Кездесуде трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану, өңірдегі су тапшылығына байланысты сын-қатерлер және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.

Қатысушылар су ресурстарын бірлесіп басқару тетіктерін жетілдіруге және барлық Орталық Азия мемлекетінің мүддесін ескеруге ерекше назар аударды.

– Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл өткен вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгін алдағы уақытта бірлескен әрі тиімді жұмыс жүргізуге негіз қаланды. Біз және біздің серіктестеріміз барлық тараптың мүддесін ескере отырып, трансшекаралық су ресурстарын әділ бөлуге бағыт алып отырмыз, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кездесу қорытындысында тараптар су ресурстарын тұрақты әрі ұтымды пайдалану бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының келесі, 96-отырысын 2027 жылдың бірінші тоқсанында Өзбекстанда өткізу жоспарланып отыр.


 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар