Қазақстанда кей мамандықтар жойылады: Еңбек министрі қай кәсіптерге сұраныс азаятынын айтты
- авторОймақ
- Бүгін, 09:22
- 15
Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев технологиялардың дамуы еңбек нарығын айтарлықтай өзгертетінін айтты.
"Кейбір мамандықтар жойылады. Мәселен, деректерді енгізу жөніндегі қызметкерлер мен корректорлар. Кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланып, қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады", – деді Асқарбек Ертаев.
Оның сөзінше, осы өзгерістерге байланысты кадр даярлау жүйесі де жаңартылады. Болашақта қажет болатын мамандықтар алдын ала анықталып, білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай бейімделмек.
"Кадр даярлау жүйесі озық қарқынмен жұмыс істеуге тиіс. Экономика салаларында перспективалы мамандықтар алдын ала айқындалып, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары жедел жаңартылады", – деді министр.
Сонымен қатар сұранысқа ие кәсіптердің тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтіледі. Оған инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика бағыттары кіреді.
Кәсіптік стандарттарға цифрлық дағдылар, жасанды интеллект құралдарын қолдану, BI-аналитика және киберқауіпсіздік талаптары енгізіледі.
Министрдің мәліметінше, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына шамамен 9 миллион маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында болады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





