сейсенбі, 8 қыркүйек, 2026 8:06

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Арыста мас күйінде көлік жүргізіп, алты адамды қағып кеткен мұғалімге сот үкімі шықты

Арыста мас күйінде көлік жүргізіп, алты адамды қағып кеткен мұғалімге сот үкімі шықты
Фото: Qaz365.kz
Ол тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.

Арыста мас күйінде көлік жүргізіп, алты адамды қағып кеткен 52 жастағы мектеп мұғалімі Бибінұр Қасымова 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол әзірге түрмеге қамалмайды. Сот әйелдің асырауында 14 жасқа толмаған ерекше баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.

Сот үкіміне сәйкес, Қасымова өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан да айырылды.

Іс материалдарына сәйкес, жантүршігерлік жол апаты биыл маусым айында Арыс қаласында болған. Мас күйде көлік тізгіндеген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі көшеде тұрған тұрғындарды қағып кеткен.

Апат салдарынан бірнеше адам қаза тауып, тағы бірнеше тұрғын жарақат алған. Қаза тапқандардың арасында 30 жастағы жүкті әйел, сондай-ақ 1 және 5 жастағы балалар болған.

Сотталушыға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанымен, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 74-бабына сәйкес, асырауында кәмелетке толмаған ерекше баласының болуына байланысты жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар сот қаза болғандар мен зардап шеккендердің жақындарына жалпы 35 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Алайда марқұмдардың туыстары сот үкімімен келіспейді. Олар 9 жылдық жазаны тым жеңіл деп санайды. Жәбірленушілер тарапы соттан жалпы 80 миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді сұраған.

Марқұмдардың туысы Ағайша Манатова бір отбасының өзінен үш адам қаза болғанын айтып, сот шешіміне наразылық білдірді.

«Менің бір өзімнің үйімнен үш адам кетіп отыр. Сол үшеуіне 9 жыл аз ғой. Оның жаны аман, өзі аман-есен жүр. Бұл әділеттілік қайда? Біз бұған қанағаттанбаймыз. Апелляцияға береміз», – деді ол.

Ол моральдық өтемақы көлеміне де наразылық білдірді.

«Сонда менің келінім мен немерем 10-ақ миллион ба? Қайда әділ шешім?» – деді марқұмның туысы.

Қаза болғандардың жақындары сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, істі қайта қарауды жоспарлап отыр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар