Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы футболшысы Самат Смақов "Атырау" футбол клубының бас бапкері қызметіне кірісті. Бұл туралы клубтың ресми парақшасында хабарланды, деп жазады Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.
"Жаңа бас бапкерімізге сәттілік, толағай табыс және «Атыраумен» жарқын жеңістер тілейміз", – делінген клуб хабарламасында.
Самат Смақовтың бапкерлік және басқарушылық қызметте тәжірибесі бар. Ол бұған дейін "Ордабасы" клубының жаттықтырушылар штабында еңбек етіп, кейін "Елімай" командасын басқарды. Оның жетекшілігімен семейлік клуб Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған.
Сондай-ақ Смақов "Астана" клубында техникалық директор қызметін атқарып, "Жетісу" командасының бас бапкері болған.
Самат Смақов – Қазақстан футболындағы танымал ойыншылардың бірі. Ол ұлттық құрама сапында 76 матч өткізіп, ел чемпионатында алты мәрте жеңімпаз атанған. Бұдан бөлек, төрт рет Қазақстанның үздік футболшысы деп танылды.
Қазіргі уақытта "Атырау" Премьер-лига турнир кестесінде 13-орында тұр. Команда 19 матчтан кейін 19 ұпай жинаған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






