сенбі, 1 тамыз, 2026 12:46

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

ІІМ 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексерісіне қатысты түсініктеме берді

ІІМ 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексерісіне қатысты түсініктеме берді
istockphoto.com
Кейін жүргізушілер 69, 71 жаста және одан әрі әр екі жыл сайын қайта тексерістен өтеді.

Ішкі істер министрлігі 65 жастан асқан жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өту тәртібіне қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, 25 тамыздан бастап жаңа медициналық талап емес, тек жүргізуші куәлігінің қолданысын уақытша тоқтату тетігі енгізіледі, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.

Оның сөзінше, 65 жастан асқан азаматтардың міндетті медициналық тексеруден өтуі Қазақстанда 2014 жылдан бері қолданыста. Сондықтан бұл талапты жаңа норма ретінде қабылдауға негіз жоқ.

«Соңғы күндері 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексеріске қатысты сұрақтары көбейді. Көпшілігі бұл жаңа талап деп ойлап жүр. Алайда бұл норма он жылдан астам уақыттан бері қолданыста», – деді Шыңғыс Әлекешев.

Ресми өкілдің мәліметінше, 25 тамыздан бастап медициналық тексеруден уақытында өтпеген жүргізушілердің куәлігінің күші сот шешімінсіз-ақ уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл өзгеріс тек құжаттың қолданысын уақытша шектеу тәртібіне қатысты. Ал медициналық тексерудің өзі бұрыннан міндетті болып келеді.

ІІМ мәліметінше, 65 жасқа толған жүргізушілер алғашқы міндетті медициналық тексеруден 67 жасқа дейін өтуі тиіс. Берілетін медициналық анықтама екі жылға жарамды болады. Кейін жүргізушілер 69, 71 жаста және одан әрі әр екі жыл сайын қайта тексерістен өтеді.

Осыған байланысты министрлік өкілі 65 жасқа енді толған азаматтарды негізсіз алаңдамауға шақырып, тексеруден 67 жасқа дейін кез келген уақытта өтуге болатынын айтты.

Медициналық тексеруді жүргізуші өзі таңдаған мемлекеттік немесе жекеменшік медициналық ұйымда өте алады. Сондай-ақ тексерістен тұрғылықты жері бойынша ғана емес, басқа қалада да өтуге рұқсат етіледі. Басты талап – медициналық мекеменің мұндай қызметті көрсетуге лицензиясы болуы.

ІІМ өкілінің айтуынша, медициналық тексеруден уақытында өтпеу жүргізуші куәлігінен айырылуды білдірмейді. Бұл жағдайда құжаттың қолданысы тек уақытша тоқтатылады. Жүргізуші медициналық тексерістен өтіп, тиісті анықтаманы алғаннан кейін куәліктің күші автоматты түрде қайта қалпына келеді.

Сонымен қатар, өзгерістер күшіне енген алғашқы кезеңде патрульдік полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарына басымдық береді. Егер жүргізуші талаптан бейхабар болса немесе тексеру мерзімін өткізіп алса, алдымен медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік беріледі.

Шыңғыс Әлекешев медициналық тексерістен өтпегені үшін арнайы айыппұл қарастырылған деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін де айтты.

«Заңнамада медициналық тексеруден өтпегені үшін жеке айыппұл көзделмеген», – деді ол.

Егер медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет электронды базаға бірден енгізілмесе, жүргізуші полиция қызметкеріне қағаз түріндегі медициналық анықтамасын көрсете алады. Бұл жағдайда тәртіп сақшысы ақпаратты базаға енгізуге жауапты мамандарға хабарлайды.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар