жұма, 31 шілде, 2026 19:05

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Тамыздың ауа райы: аптап ыстық пен нөсер қатар келеді

Тамыздың ауа райы: аптап ыстық пен нөсер қатар келеді
Magnific.com
Қазақстанда жаздың соңғы айы ауа райының күрт құбылуымен ерекшеленбек. «Қазгидрометтің» алдын ала болжамына сәйкес, тамызда елдің әр өңірінде әртүрлі климаттық жағдай қалыптасады. Бір өңірлерде аптап ыстық сақталса, енді бір аймақтарда жаңбырлы әрі салқындау күндер басым болады.

Синоптиктердің мәліметінше, айдың алғашқы онкүндігінде республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронттардың әсері күшейеді. Соның салдарынан найзағай ойнап, жаңбыр жауып, желдің екпіні артады. Кейбір өңірлерде бұршақ түсу қаупі де бар. Әсіресе солтүстік, орталық және шығыс облыстарда нөсер жауын күтіледі, ал оңтүстік-шығыстың таулы аумақтарында да жауын-шашын болуы ықтимал.

Сонымен қатар тамыздың ортасына қарай еліміздің батысында ауа райы қайтадан ысып, жауын-шашынның ықтималдығы азаяды. Батыс өңірлерде күндізгі ауа температурасы +39 градусқа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында сынап бағаны +44 градусқа дейін жетуі мүмкін. Атырау облысының оңтүстігінде де +41 градусқа дейінгі ыстық болжанып отыр.

Солтүстік өңірлерде айдың басында температура біршама төмендеп, күндіз +20…+28 градус шамасында болады. Алайда бұл ұзаққа созылмайды. Бірінші онкүндіктің соңына қарай өңірде қайтадан +30 градустан жоғары ыстық орнайды.

Оңтүстік облыстарда керісінше, ай басындағы өте ыстық ауа райы біртіндеп бәсеңдейді. Егер алғашқы күндері ауа температурасы +40 градустан асса, кейінгі кезеңде +29…+36 градус аралығына дейін төмендейді. Орталық пен шығыс Қазақстанда да температура ай ішінде бірнеше мәрте өзгеріп, аптап ыстықтың орнын қоңыржай күндер басады.

Айдың екінші және үшінші онкүндігінде температуралық фон салыстырмалы түрде тұрақтанады. Солтүстік жартысында түнгі салқындық күшейіп, кей жерлерде ауа +3 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Ал батыс пен оңтүстікте жазғы ыстық әлі де сақталғанымен, шілде айындағыдай шектен тыс жоғары температура сирек байқалады.

Мамандар тамыз айында ауа райының жиі құбылатынын ескеріп, тұрғындарға дауылды ескертулерді бақылап отыруға кеңес береді. Әсіресе найзағай, қатты жел және аптап ыстық күтілетін күндері қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар