бейсенбі, 30 шілде, 2026 10:25

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Астанада жол ережесін бұзған блогер Айтым Жақыпов жауапқа тартылды

Астанада жол ережесін бұзған блогер Айтым Жақыпов жауапқа тартылды
Фото: видеодан скрин
Қазақстандық танымал блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов Астанада жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

Әлеуметтік желіде бұған дейін Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі бірнеше жол ережесін қатар бұзғаны түсірілген видео тараған. Жазба авторының айтуынша, оқиға Астанадағы Қарқаралы тасжолында, LRT желісі бойында болған.

Видеода жүргізуші жол жиегімен жүрген, жол белгілерінің талабын елемеген. Бұдан қалды, бұрылыс шамын қоспай маневр жасаған, апатты жағдай туғызған, қарсы бағыттағы жолаққа шыққан.

Желі қолданушылары көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы жүргізушінің Айтым Жақыпов екенін анықтаған. Кейін блогер көлікті өзі басқарғанын растады және көпшіліктен кешірім сұрады.

"Расымен қатты асықтым. Егер біреуге қолайсыздық тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын", – деп жазды ол.

Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірі блогерді жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынса, енді бірі оның спортшы екенін ескеріп, әзіл ретінде "200 берпи жасауды" жаза ретінде ұсынған.

Астана қалалық полициясы әлеуметтік желідегі бейнежазбаға мониторинг жүргізіп, жүргізушінің жеке басын анықтағанын хабарлады.

Полиция мәліметінше, 34 жастағы жүргізуші жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны, қарсы бағытта жүру ережесін бұзғаны және маневр жасау қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айтым Жақыпов Қазақстандағы танымал блогер әрі спортшы. Оның Instagram парақшасына 3,9 миллион адам жазылған. Ол воркауттан рекордтарымен, пауэрлифтингтегі жетістіктерімен және артық салмағы бар адамдарға арналған жобаларымен кеңінен танылған.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйде көлік жүргізіп ұсталған еді. Кейін Астана әкімшілік соты Елеусіновті 20 тәулікке қамауға алып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырды. Данияр Елеусінов 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, сондай-ақ Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015).

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар