2028 жылға дейінгі көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді
- авторОймақ
- Бүгін, 09:57
- 31
Қазақстан Үкіметі 2028 жылға дейінгі көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Кешенді жоспар көлеңкелі экономика көлемін азайтуға, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге, бизнесті жүргізудің ашықтығын арттыруға және кәсіпкерлерге жаңа міндеттемелер жүктемей-ақ бюджет түсімдерін ұлғайтуға бағытталған. Қабылданған шаралар нәтижесінде көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-дегі үлесін 2028 жылы 13,8%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.
Жобаны іске асырудың негізгі құралы жасанды интеллект қолданылатын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы болмақ. Платформа мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, көлеңкелі қызмет тәуекелдерін жедел анықтауға және бюджетке зиян келгенге дейін заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Құжат сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты қауіптілігі жоғары салаларды цифрландыруды көздейтін 53 іс-шараны қамтиды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтердің сапасын, бағалар мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылайтын цифрлық құралдар мен цифрлық теңге кеңінен қолданысқа енгізіледі. Үкіметте бұл жоспар бизнеске әкімшілік жүктемені арттырмайтынын, басты басымдық процестерді автоматтандыру мен заманауи талдау құралдарына берілетінін атап өтті.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда көлеңкелі экономика үлесі 2019 жылғы 24%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7%-ға дейін төмендеген. Осы уақыт аралығында 20 жаңа және жаңартылған ақпараттық жүйе іске қосылып, айналымы 2 трлн теңге болатын интернет-казинолардың қаржылық инфрақұрылымы тоқтатылды, сондай-ақ 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджет шығындарының алды алынды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






