Қазақстандағы жекеменшік мектептерде жүргізілген аудит нәтижесінде 13 миллиард теңгеден астам соманың қаржылық заң бұзушылықтары анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Министрлік бұл тексеру жұмыстарын мамыр айында аяқтаған. Дәурен Темірбековтің айтуынша, қазіргі уақытта мамандар анықталған кемшіліктер бойынша нұсқамалар әзірлеп жатыр, олар орындалуы үшін барлық мүдделі тараптарға, соның ішінде Қаржы орталығы мен Оқу-ағарту министрлігіне жолданады.
"Сонымен қатар құжаттар тиісті құқық қорғау органдарына беріледі. Сот процестері басталып кетті, қаражатты мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы алғанда, 13 миллиард теңгеден астам қаражаттың қаржылық заң бұзушылығы анықталды", – деді вице-министр Темірбеков.
Ведомство басшысының орынбасары жекеменшік білім ошақтарында ең жиі кездесетін заң бұзушылықтарды да атап өтті. Анықталған негізгі кемшіліктердің қатарында оқушылар санын қолдан көбейтіп көрсету, мемлекеттік тапсырыс қаражатын мақсатсыз жұмсау, жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасы туралы құжаттарды қолдан жасау, сондай-ақ ғимаратты реконструкциялаудың орнына жай ғана жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты фактілер бар.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





