19 маусым күні кешкі уақытта Ақтөбе қаласындағы автогаз құю бекеттерінің бірінде жеңіл көлік өртеніп кетті. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам көз жұмды, олардың екеуі – бала, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Куәгерлердің айтуынша, өрт басталған кезде көлік маңында көмек сұраған ер адам болған. Болжам бойынша, ол көлік жүргізушісі болуы мүмкін.
Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 112 пультіне сағат 22:55-те түскен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жалынды 8 минут ішінде сөндірген.
Өрт сөндірушілердің шұғыл әрекетінің арқасында оттың басқа аумаққа таралуына және жанармай бекетінде жарылыс болуына жол берілмеді.
Өрт толық сөндірілгеннен кейін автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың екеуі кәмелетке толмаған балалар екені хабарланды. Тағы бір зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның нақты мән-жайын және өрттің неден шыққанын анықтап жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






