Бұған мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақы мәселесі себеп болған. Лукастың айтуынша, мұндай жағдаймен тек Михаил Шайдоровтың емес, өзге де спортшылар басынан өткен. Алайда олардың көбі ашық айтуға қорқады.
“Ербол Мырзабосыновқа видеоүндеу жазудың мәні жоқ деп ойлаймын. Өйткені былтыр онымен кездескенмін. Сол кездесуден бері бір жылға жуық уақыт өтті, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Енді қайда жазарымды, кімге хабарласарымды, кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Сондықтан тікелей мемлекет басшысына жүгінуді шештім. Көп жылдан бері спортта қысым көріп келемін. Жақында Михаил Шайдоровтың бес ай бойы жалақы алмағаны туралы жаңалықты көрдім. Мұндай жағдайға мен ғана емес, басқа да көптеген спортшы тап болады. Бірақ бәрі бірдей айта бермейді, көбі қорқады”, – деді спортшы.
Ангелина Лукас 2021 жылы ұлттық құрама сапында болған кезеңді де еске алды. Оның сөзінше, халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп, Олимпиадаға үміткерлердің бірі саналғанына қарамастан, спорттық құрылымдар тарапынан қысымға ұшыраған.
Боксшының айтуынша, оны халықаралық жарыстарға жібермеуге тырысқан, өтінім беруде қиындықтар туындаған, кейін түрлі тексеріс басталып, құрамадан шеттету әрекеттері жасалған.
“Әкем телефон шалғаннан кейін бокс федерациясында маған “Сенің ата-анаң кім, өзің кімсің? Әкең хабарласқаны үшін сені құрамадан шығарамыз” деді. Содан кейін қысым басталды. Халықаралық турнирлерден медаль алып келіп, Олимпиада ойындарына басты үміткер болып жүргенімде допинг-бақылауға қатысты қиындықтар туындап, мені құрамадан шығару әрекеттері жасалды”, – деді Лукас.
Ақырында ол ұлттық құрамадан кетіп, кәсіпқой боксқа ауысқан.
Спортшы өз жетістіктерінің Қазақстанда жеткілікті деңгейде айтылмайтынына да шағымданды. Ангелина Лукас IBO титулын иеленіп, WBC рейтингінде көш бастағанын және шетелде бірнеше титулдық жекпе-жек өткізгенін атап өтті.
Оның сөзінше, табыстарына қарамастан, өзіне қарсы әлеуметтік желіде теріс ақпараттық науқандар мен тапсырыспен жазылған пікірлер ұйымдастырылады.
“Мен ешқашан пәтер, көлік немесе сыйлық сұраған емеспін. Менің сұрағаным бір-ақ нәрсе – Қазақстанда менің жетістіктерімді білсе деймін. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Барлық жеңісім әлі де елеусіз қалып келеді, ол туралы ешкім айтпайды, жазбайды”, – деді боксшы.
Ангелина Лукас Президенттен спортшылардың жағдайына назар аударуды және абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өтуі мүмкін жекпе-жек алдында қолдау көрсетуді сұрады.
Ол мемлекет барлық спортшыға бірдей қарауы керек деп санайды. Сондай-ақ саладағы мәселелерді ашық айтқан атлеттерге қысым жасауға жол берілмеуге тиіс.
Мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров Олимпиададағы жеңісінен кейін бірнеше ай бойы жалақы алмай жүргенін мәлімдеген еді. Спортшы жаңа маусымға дайындықты бастау қажет екенін, алайда қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.
Шайдоровтың сөзінше, Олимпиададан кейін оның жалақысы жарияланғаны өзіне ауыр тиген. Ол мұны жеке еңбегін және отбасының, әсіресе әкесінің көп жылдық қолдауын құнсыздандыру ретінде қабылдаған. Спортшы Олимпиада чемпионы бір жылдың ішінде дайындалмайтынын, бұл жеңіске бірнеше жыл бойы жүйелі түрде еңбектеніп келгенін айтты.
Ал министрлікке қарасты Спортты дамыту дирекциясы өз кезегінде спортшыға қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісімшарт бойынша толық төленгенін мәлімдеді. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек шартын жасау жоспарланған. Ведомство төлемнің кешігуі келісімшарт жобасын заңдық тұрғыдан келісу процесімен байланысты деп түсіндірді.
Дирекция сондай-ақ мемлекет Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі үшін өз міндеттемелерін орындайтынын, атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы төлеу, Алматыдан үш бөлмелі пәтер беру және заңнамаға сәйкес мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылғанын хабарлаған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Мұғалімдер сабақтан тыс жерде оқушыға жауапты емес
Ұқсас жаңалықтар
Шайдоров жалақысыз қалған: спортшы маусымға дайындықты жалғастыра алмай отыр
- авторОймақ
- 28 мамыр, 2026
Қазақстан құрамасы екі алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды
- авторОймақ
- 24 мамыр, 2026






