Шымкентте әйелді қатыгездікпен өлтірген күдіктіні психиатриялық орталыққа жіберді
- авторОймақ
- Бүгін, 09:04
- 24
Шымкентте көше ортасында 40 жастағы әйелді қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Нұрнияз Сарқұловты мәжбүрлі түрде емдеу туралы сот шешімі шықты. Сараптама ер адамның шизофрения дертіне шалдыққанын және шабуыл жасаған сәтте өз әрекетін толық түсінбегенін көрсетті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz сайты ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыс 28 қаңтарда орын алды. Әйел ауру анасына дәрі алу үшін емханаға бара жатқанда, оған бейтаныс ер адам шабуыл жасаған. Ол әйелдің мойнын кесіп, кеудесіне бірнеше рет пышақ сұққан.
Сотта сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы жарияланды.
– Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сарқұлов өз әрекетін толық түсіне алмаған. Қылмыс жасаған кезде ол шизофренияның параноидтық түрімен және параноидтық синдроммен байланысты ауыр психикалық жағдайда болды. Ол жасаған әрекетінің сипатын ұғынбаған. Психикалық жағдайына байланысты Сарқұлов тергеу мен сот алдында жауап бере алмайды. Оны мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу қажет, – деді судья Бақытжан Тұналиев.
Шабуылдан кейін Сарқұлов полиция қызметкерлеріне де пышақпен ұмтылған. Оны ұстау үшін тәртіп сақшылары қару қолдануға мәжбүр болған.
Марқұм 40 жастағы Ольга Закирова болып шықты. Оның артында жұбайы мен екі қызы қалды. Туыстарының айтуынша, марқұм зауытта жұмыс істеп, төсекке таңылған анасын бағып отырған. Кейінірек Сарқұловтың бұған дейін екі рет сотталғаны және оған 2022 жылы «шизофрения» диагнозы қойылғаны белгілі болды.
Марқұмның туыстары соттың мәжбүрлі түрде емдеу туралы шешіміне қарсылық білдірген жоқ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






