дүйсенбі, 18 мамыр, 2026 15:15

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстандықтар Solana фестивалінің ұйымдастырылуына шағымданды

Қазақстандықтар Solana фестивалінің ұйымдастырылуына шағымданды
Фото: instagram.com/solana_kz
Желіде қазақстандықтар Алматыда өткен Solana фестивалінің ұйымдастырылуына жаппай шағымданып жатыр.

Шетелдік Tyga, Timbaland, Nicole Scherzinger, Flo Rida, Busta Rhymes және John Newman сияқты әртістер қатысқан іс-шарада көрермендер  дыбыс сапасына, сахнаның көрінуіне және кейбір хедлайнерлердің өнеріне көңілі толмаған. 

Қолданушылар Threads желісінде жаппай жазба жариялап жатыр. Олардың айтуынша, шетелдік әртістердің құрамы ауқымды болғанымен, іс-шараның ұйымдастырылуы мен шоу сапасы өте төмен деңгейде ұйымдастырылған.

Фестивальде Tyga, Timbaland, Nicole Scherzinger, Flo Rida, Keri Hilson, Busta Rhymes және John Newman өнер көрсетті. Алайда келушілердің бір бөлігі күткен әсерін ала алмағанын жазды.

Негізгі шағымдардың бірі – дыбыс сапасының нашарлығы және сахнаның көрінбеуі.

“Дыбыс нашар, жүргізушілер әлсіз болды. Колонкаларды қойып тастаған, артқы қатарларға сахна көрінбейді. Орнымызды ауыстырғаннан кейін ғана сәл дұрысталды”, – деп жазды қолданушылардың бірі.

Қазақстандықтардың көңілінен шықпаған тағы бір тұсы – кіріп-шығудың дұрыс ұйымдастырылмауы. 

“Мен де Solana фестиваліне көңілі толмағандардың қатарындамын. Кіруді ұйымдастыру мен көрген іс-шаралардың ішіндегі ең нашары болды. Билет беретін адамдарды жай ғана қойып қойған. Ал мұнша көп адам жиналғанда билет тарату кезінде хаос пен иін тірескен кептеліс болатынын ойладыңыздар ма?” – деп жазды ол.

Ал Әнел есімді қолданушы кезекте тұрған кезде жағымсыз жайтқа тап болған. Оның айтуынша, концертке кіреберісте кезекте тұрған кезде белгісіз қыз 18 жастағы сіңлісін итеріп, ескертуге дөрекі жауап берген. Кейін жағдай агрессияға ұласып, оларды әдейі итеріп, балағаттап, төбелеске арандатқан.

Жәбірленушілер ішке кірген соң полицияға жүгініп, оқиғаның видеосы бар екенін айтқан. Алайда автордың сөзінше, мәселе толық шешілмей, полицейлер мұндай жағдай қайталанса ғана қайта келуді айтқан.

Кейін сол қыздар көлікпен өтіп бара жатып, оларды тағы қорлаған. Жазба авторы үлкен іс-шараларда мұндай қоқан-лоқы мен арандатуға жол берілмеуі керек екенін айтып шағымданды.

Кейбір көрермендер билет бағасының қымбаттығына және алаңның дұрыс ұйымдастырылмағанына да шағымданды.

“60 мың теңге төледім”, – деп пікір қалдырды желі қолданушысы.

Көпшіліктің ашуына тиген тағы бір тұсы – концертте жүргізушілердің мүлде қазақ тілінде сөйлемегені. Тілге қатысты мәселені блогер Жансая Мұратбек көтеріп, жазба жариялады. 

“Solana-да бір нәрсеге ғана көз жұма алмайды екенмін, өз тілімізде жүргізетін негізгі жүргізушінің болмауы. Ондай жүргізуші кез келген фест, концертте міндетті түрде болуы қажет және ол әкімшілік пен мәдениет басқармасының талабы болуы керек деп ойлаймын. Үлкен сахналардағы іс-шараны өз тілімізде жүргізбеу деген. Арасында ғана сөйлемей, қазақ тілі сахнаның негізгі тілі болуы керек. Мемлекеттік тілді екінші кезекке қойып, қосымша тіл ретінде қарағанды қою керек! Ары қарай қай тілді қосса да бәрібір”, – деп жазды ол.

Ал тағы бір қолданушыға кіреберісте сусын, темекі, оттық секілді өзіңмен бірге әкелген заттарды алып қоятыны ұнамаған. 

“Ұйымдастыру деңгейі өте нашар болды. Екі қадамнан кейін серіктестер мұның бәрін тегін ұсынып тұр. Концерттің өзіне кірер кезде тағы бәрін қайтармай алып қояды, тіпті су ішіп үлгермейсің”, – деп жазды ол.

Басқа қолданушылар VIP-аймаққа қатысты да мәселе болғанын айтты.

“Бос орын көп, сұмдық. Мен бұл концертті TikTok арқылы VIP-аймақтан көріп отырмын”, – деп жазды фестивальге барғандардың бірі.

Желіде продюсер Timbaland-тің өнері бөлек талқыланды. Көрермендердің сөзінше, әртіс сахнада тым аз уақыт болып, әндерін толық орындамаған.

“Timbaland мүлде сәтсіз болды. Шықты, аздап ойнады да, кетіп қалды”, – делінген пікірлердің бірінде.

Келесі қазақстандық әртістердің репертуарына қатысты сұрақ көп екенін айтты. Ол Busta Rhymes пен Nicole Scherzinger бір сахнада Don’t Cha әнін неге бірге орындамағанын, сондай-ақ Timbaland-пен Wait a Minute трегі неге айтылмағанын түсінбейтінін жеткізді.

Автордың сөзінше, Timbaland пен Keri Hilson The Way I Are әнін бөлек-бөлек орындаған. Алайда олар өздерінің Return the Favor немесе Miscommunication сияқты бірлескен тректерін айтпаған.

“Nicole, Timbaland және Keri Hilson бірігіп орындаған Scream коллабын бәрі ұмытып кеткен сияқты. Америкадан мыңдаған шақырым жерге келіп, бәрі бір сахнада жиналған кезде неге осы әнді орындамады? Сұрақ көп”, – деп жазды ол.

Кейбір келушілер концертті соңына дейін көрмей, үйлеріне қайту туралы шешім қабылдаған.

“Ал мен тоңып қалдым да, үйге қайтып кеттім”, – деп жазды Threads қолданушысы.

Пікірлер арасында Алматыдағы концерт ұйымдастырушылары бұған дейін де ірі алаңдардағы дыбыс сапасына байланысты жиі сыналғаны айтылды.

“Бұл ұйымдастырушылардың барлық концертінде дыбыс нашар. Олар “Алматы Аренаны” да алып жүре алмайды, ал бұл жолы Орталық стадионға ұмтылған”, – деп жазды желі қолданушысы.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар